Қала тазалығын сақтап, көшелердің бір реттілікте тұруы үшін халық ұйқыда жатқанда ерте тұрып, тынымсыз жұмыс атқаратын маман иелері бар. Кейде көпшілік арасында бұл кісілердің атқарған шаруалары ескерусіз қалып жатады. Олар – «Түркiстан Жарық-Тазалық» ЖШС мекемесi ұжымының жұмысшылары. Берекелі мекеме 1998 жылы құрылып содан бері шаһар тазалығын реттеу мен абаттандыру мақсатында тынымсыз еңбек етіп келеді. Осы орайда, қала халқын қарапайым еңбек иелерінің бір күндік тынысымен таныстыруды жөн көрдік.
«Түркiстан Жарық-Тазалық» ЖШС мекемесiнің негізгі мақсаты 4 бағыттан тұрады. Олар – қаланың тазалығын сақтау, түнгi мезгiлде жарықшамдардың үздiксiз жанып тұруын қадағалау (сынған болса жаңалау), қаланың абаттануы мен аяқ жолдардың тазалығын сақтау (қыста қардан тазарту) және зираттарды таза ұстау мен туысы жоқ адамдарды жерлеу рәсiмiн тиісінше жалғастыру.
Исмайл Якупов тазалықтың сақшысы болып тынымсыз еңбек етіп келе жатқанына 5 жылдан асқан. Ол тұрып жатқан жерін шашылған кейіпте ұстауға дәті шыдамайтынын айтады.
– Мен Жаңақорған облысының тумасымын. 2004 жылдан бері Түркістан қаласына көшіп келіп, осы жақта түрлі жұмыстармен айналысып жүрдім. Біраз жұмыссыз жүрген күндерден соң «Жұмыспен қамту орталығы» үйімнің жанынан осы орынды ұсынды. Міне қазір 5 жыл болды өз ауламмен қоса қала көшелерін де таза ұстап келемін. Жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан таңғы 4-тен бастап өзімізге тиесілі аумақты толық тазалап шығуға тырысамыз. Көшелердің көлемі үлкендігіне байланысты әртүрлі болады. Менің жүктеуімде 3 көше бар. Ал үлкен көшелерді 1-2 күнде толық тазалықтан өткіземіз.
Қаламыздың қазіргі уақытта облыс орталығына айналып көркінің күн сайын көркеюі мен көптеген келушілердің көбеюі өзгеріс алып келгендей. Исмайл ағамыздың айтуынша таза тұрған жерге қоқыс тастап шашқың да келмейді.
«Бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазір жағдай басқаша. Көшеде кетіп бара жатып қоқысын жерге тастаған жас балаларды көрсек ескертіп ақыл айтып та қоямыз, себебі жастар тәрбиені жан-жағынан жинайды»- дейді.
Тазалықшылардың жұмысы уақытпен өлшенбейді. Жұмыс уақыты аяқталса да көшеде, жолда қалған қалдықтарды жинау әдетке айналғандай. Өйткені жел тұрса айдап қала кейпінің сынын бұзатыны белгілі. Сондықтан тазалықты сақтау тек жұмысшылардың ғана міндеті емес, барша халықтың ортақ жауапкершілігінде екенін ескергеніміз жөн.
– Карантин уақытында халықтың көпшілігі үйде болып, көшеге шығушылар азайды. Түнде жүрушілер де көп емес. Мен өзім алғашқы шектеу кезінде бір ай үйден шықпадым. Мекемеміз жасы егде тартқан жұмыскерлерге айлық жалақысын сақтап, үйде болуды ұсынды. Біз әрине бағынамыз. Бұл бүкіл қоғамның тыныштығы мен сақтығы үшін қабылданған дүние. Қазір бәрі реттеліп келеді. Әдеттегідей жұмысқа шығып жүрміз, бірақ бетпердеміз әрқашан өзімізбен бірге.
Халықтың өзгергені әрине жақсы дейді ағамыз. «Қазіргі жастар білімді, бос жүрісті қаламайды оның орнына оқу оқығанды құп көреді. Көшеде жүргенде көп байқайтыным, әсіресе жастар жағы қоқыс жинап, көмектескісі келіп тұрады. Бұлар қазіргі қоғамның болашақ «интеллигенциялары». Жастар қоғамды өзгертеді және осы қуаныш та сыйлайды. Жұмыс барысында көптеген оқиғалар болады. Кейде жоғалған заттар тауып аламыз. Көбісінің иелерін тауып беріп жатамыз, олар алғысын айтады. Маған өз жұмысым ұнайды. Себебі мен өз туған қалама кішкентай болса да пайдамды тигізіп жатырмын. Кішкентай болса да»- деп сөзін аяқтады ағамыз.
Қала көркінің осы кейпі сақталуы үшін таң атқаннан кеш батқанша еңбек етіп жүрген жанның жұмыс барысы осындай. Қала халқы өз қаһармандарын тануы қажет. Олардың атқарған шаруасына жауапкершілікпен қарап, біз де өз үлесімізді қосуымыз керек деп санаймыз. Себебі тазалық өзімізден басталады.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.