- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қазақстан Республикасының Үкіметі биылғы жылдың 10 тамызын Абай күні етіп белгілеу туралы қаулы қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды деп санаймыз. Өйткені, Абай – қазақ халқының жарқын тұлғасы, елдігі мен ерлігінің бейнесі, ұлттың символы.
Абай əлемі – қазақ əлемі. Алаштың алып темірқазығына айналған тұғырлы тұлғаның рухани келбеті бүгінде тұтас ұлт болмысын айшықтап тұр. Ендеше, Абайды жаңа ғасыр биігінде тану – рухани жаңғырудың басты һəм маңызды тірегі болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай жəне ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды терең тануға баса мəн бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы жəне үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деп ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын кемелдік пен парасат биігінде атап өтуге ерекше маңыз берген болатын.
Жыл басында жарық көрген бұл айтулы мақала тұтас ұлт тарапынан зор қолдауға ие болып, абайтану ілімінің жаңа ғасыр бедерінде тың белеске бағыт бұруына кең жол ашып бергені анық. Ел Президенті атап өткендей, биылғы Абай жылы тек мемлекет ауқымында емес, əлемдік деңгейде тойланады деп жоспарлануда. Өйткені Абай мұрасын жаһандық деңгейде насихаттау – қазақ əлемін, ұлттың рухани кеңістігін жаһанға танытудың маңызды һəм айтулы қадамы.
Əр ұлттың өмірінде сол ұлттың кешегісін бүгінге байланыстырып, бүгінгі күнін ертеңге жалғайтын, əр ұрпақты ойландырып, біріне бірін рухани ұштастыратын тұлғалар болады. Біз үшін сол ұлы тұлға – Абай. Абай қазақтың барлық құбылысты сыр-сипатын, тағдырын ертеңімен қоса суреттеген ұлы кемеңгер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай жəне ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылғандай, «Абай – адамгершілікті, ізгілікті, өркениетті аңсаған. Біз сол Абай армандаған жан-жақты өркениетті қоғам құруға ұмтылуымыз керек. Оған Абайды күретамыр етіп аламыз» деген ойға саятын пікірін ұлы сөз дер едік. Бүгінгі күннен басталған осы бір салтанат мəңгілік аяқталмасын деп тілейміз. Өйткені Абай ойының салтанаты – бүкіл қазақтың салтанаты. Сонда Абай мұрасы мен ұрпақ, ұлт арасындағы ұлы сабақтастықты үзбей, берік сақтаймыз.
Абай тойы енді басталды. Ойымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен қорытар болсақ: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мəңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді». Қазақ елінде 10 тамыз Абай күні болып бекітілуі соның айғағы.