Қазақ халқымызда «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» деген қанатты сөз бар. Бұл бiздiң дәстүрiмiздiң басы десек те болғандай. Оны айтып отырғаным, осыдан он жыл бұрын атаның, әкенiң қазақы тәрбиесiн көрген балаларым Құлатай аталарының 130 жылдық құрметiне Түркiстаннан мешiт салайық деген ұсынысына толғана отырып ақ батамды берген едiм. Осылай, бүкiл түркiтектес халықтардың рухани астанасы, қасиеттi Түркiстан қаласындағы «Тұран» ықшам ауданында осыдан он жыл бұрын Құлатай ата мешiтi бой көтерген болатын.
Әкем марқұм әкеден жалғыз ұл едi. Мен де жалғыз өстiм. Балаларымның атасы Құлатай Ақжанұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Екi ғасырды көзiмен көрiп, бейнетi мен зейнетiн бастан кешкен Құлатай ата 1878 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Түркiстан ауданына қарасты Мес Ата ауылында дүниеге келiп, 1977 жылы шiлденiң 21 жұлдызында 100 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Қоқан хандығының, патшалық Ресейдiң заманынан кейiн кеңес үкiметiнiң кезiндегi азамат соғысын, ұжымдастыру қиындықтарын, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1941-1945 ҰлыОтан соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарды басынан өткiзген. Сондай қысымдыққа қарамай мұсылмандық парызын мүлтiксiз орындап, адалдықпен өтеген.
Сол қиын кезеңдегi еңбектерi еленiп, «1941-45 жылдардағы ерен еңбегi үшiн» медалiмен марапатталған. Құлатай Ақжанұлы ауылдастардың және ағайындардың арасында беделдi, өз халқының көрнектi азаматы болды. Нағыз мұсылманшылықты ұстанған иманжүздi адам. Салт-дәстүр, имандылық туралы айтқан өнегелi әрi тәрбиелi, қанатты сөздерi әлi ел арасында, көптiң аузында.
Түркiстан-Кентау жолының бойында, Арыс-Түркiстан каналынан бiр шақырым шамалы қашықтықта салынған мешiтке 10 жылдың бедерiнде бiрнеше мыңдаған жамағаттар келiп, басын сәждеге тигiзiп жатыр. Жолдан өткен жолаушылар да ат басын бұрып, намазға жығылып Алла алдындағы парызын өтеуде.
Мешiттiң айналасына тал-теректер егiлiп, бүгiнде бауға айналған. Осынау он жылдың iшiнде мешiттiң жөндеуi, қызметкерлердiң еңбек ақысы, электр қаржысы, қыста жылыту сияқты мәселелердiң барлығын өзiмiз қамтамасыз етiп келемiз. Әр жылы ораза айында ауыз ашар жасап, Құрбан айт кезiнде құрбандық шалу – парызымыз.
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,
Түркiстан, Кентау қалаларының «Құрметтi азаматы», журналист, жазушы.