ТҮРКІСТАНДА 45 АРМЕНИЯ КӨЛІГІНЕ САРЫ НӨМІР БЕРІЛДІ

886 көрілім

Бүгінгі қоғам қарқынды дамып белгілі бір даңғыл жолмен келеді. Сан салалы бағыттарда таңғаларлық дүниелер тууда. Ғылым мен білімнің өркендеуі көз ілестірмейді. Заман ағымын болжау қиынның қиыны болып отыр. Енді бір ой тұрғысынан қарағанда бәрі өзгерді деуге болады. Барар бағыты өзгеден оқ бойы алда тұру дейтін мақсат жолында екені бар-ды. Міне, осы қоғамдағы басты мәселе өмір сүру. Әр азаматтың өмір сүру формасы алуан түрлі. Сол өмірдің басты бір бөлігіне айналған қатынас құралы жайында айтайық.

Бізді ойландырғаны бүгінде көп талас тудырып келе жатқан көлік дауы. Бір емес талай мәрте көтерілді. Әрине, бұл – шетелден елімізге әкелінген көліктерді тіркеудің мәселесі. Онда түрлі келіспеушіліктер орын алып отыр. Себептері де алуан түрлі болып келеді. Басты орында кедендік салықтың төленбеуі мен заңдық талаптардың орындалмауын атауға болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елге Армения, Қырғызстан, Белорусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан аса көлік жеткізілген.

Енді осы елдердің ішінде Армения мен Қырғызстаннан жеткізілген көліктер дауы қаңтар айында белгілі шекке жеткен. Былайша айтқанда, үлкен дауға айналған. Олай болуының өзіндік салдары мынада. Аталған қос елдің автомобильдеріне қатысты ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында оларды пайдалану бойынша қатаң шектеулер бар болатын. Елімізде осы екі елде тіркелген автомобильдерді 2014 жылдан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін кедендік БАЖ салығы мен салықтарды төлемей уақытша кіруіне мүмкіндік берген болатын. Осы кезеңде тек қазақстандықтар үшін Қырғызстан мен Арменияда тіркелген автокөлікті әкелуге немесе пайдалануға көлікті кедендік декларациялау, БАЖ салығы мен салықтарды төлеген соң ғана жол беріліп келген.

Дау қайдан шықты дегенде көп азаматтар бірінші мүмкіндікті пайдалана отырып көлік жеткізген. Ол көліктің тіркеуі екі елдің бірінде болды. Осыған орай автокөлікті Қазақстанда уақытша тіркеу ережелері бойынша кіргізіп, әрі қарай еркін жүре алады. Мейлі қандай жолмен келсе де арты шуға айналады. Көлік иелері тарапынан реніш айтылады. Олар отбасыларын асырау үшін арзан көліктер іздегенін, осының өзіне қолдары әзер жеткенін жеткізеді. Елімізге қарағанда көлік бағасының арзан түсетінін де жасырмады. Ал құзырлы органдар жағы болса заң жолын уәж етті.

Әсіресе, Армениядан жеткізілген көліктер дауы алғашында шешімі жоқ жұмбақтай көрінді. Республика бойынша ұзын саны 22 мыңға жуық. Бәрі тіршіліктің бір керегіне жарар деген үмітпен сатып алынғаны да жасырын емес. Осылай қорқыныш пен үміт таласы туындап жүріп нүктесі де қойылғандай болды.

Ол дегеніміз 2020 жылдың 24 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық Экономикалық Одақтан әкелінген көліктерге қатысты нақты тапсырма беруі арқылы жүзеге асты. Бұл бойынша «Қазақстан азаматтарының Арменияда тіркелген жекелеген көлікті Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің №306 қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген рөлі сол жақта орналасқан армян көліктері уақытша тіркеуден өтетіндігі айтылған.

Сөйтіп, маусым айынан бастап Армения Республикасынан Қазақстанға әкелінген көліктерді тіркеу басталған болатын. Заңда көрсетілген шарттар бойынша басқару органдары сол жақта орналасқан, Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және олар Қазақстанға 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автомобильдер тіркеуге жататындығы нақтылы айтылған. Одан кейін әкелінген көлік иесі мемлекеттік БАЖ бен қалдықтарды өңдеу жұмыстарын төлеуі қажет. Сонымен бірге әкелінген автомобильдердің меншік иелері Армения есебінен шығармағандықтан, Қазақстанда тіркеу кезінде сары фондағы нөмірлер берілетіні де сөз болған. Тіркеу уақыты 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін.

Қазіргі таңда Армениядан Түркістан облысына 537 көлік жеткізілген. Тіркеу талаптары бойынша саралай келіп, басқару жүйесі оң жақта (оң жақ рульді автомашиналарды тіркеу көзделмейді, өйткені 2009 жылдан бастап оған тыйым салынған) орналасқан 197 көлік жарамсыз деп танылып отыр. 22 көлік әр түрлі себептермен басқа облыстарға тіркеу алмастырған. Маусым айында басталған тіркеуден бері 255 көлікке сары нөмір берілген. Мұның ішінде облыс орталығы болған Түркістан шаһары бойынша 65 көлік жеткізіліп, 45-іне сары нөмір рәсімделген.

Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүріп жатқан тіркеуге аталған елден көлік кіргізген азаматтардың жүгінуіне болады. Көлікке қатысты шешімі қиын сұрақтар мазаласа арнаулы Call Center арқылы да жауап ала алады.

Тіркеуге қажетті құжаттар тізімі бойынша Армениядан әкелінген автокөліктің иесі жеке басын куәландыратын құжатты, Салық кодексінің 615-бабына сәйкес, айлық есептік көрсеткіштің 0,25% мөлшерінде (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіш – 2778 теңге) мемлекеттік тіркеу алымының және мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртекті, сондай-ақ Арменияның уәкілетті органы берген көлікті тіркеу туралы куәлік пен автокөліктің мемлекеттік нөмірін ұсынуы тиіс. Егер құжат қазақ немесе орыс тілінен басқа тілде жасалған болса, аударылып, нотариуспен расталуы қажет.Тіркеу кезіндегі міндетті төлемдерден үш бірдей төлем бар. Атап айтар болсақ тіркеу үшін алым – 695 теңге(0,25 АЕК), техникалық паспорт үшін БАЖ – 3773(1,25 АЕК) теңге және мемлекеттік нөмір үшін БАЖ – 7778 (2,8 АЕК)теңге болып табылады. Төлемнің жалпы сомасы 11946 теңге. Басқа төлемдер көзделмеген.

Қорыта айтқанда, шетелден көлік жеткізу азаматтардың еркінде. Талғамына шек қоюдан, бәлсініп жол нұсқаудан аулақпыз. Айтар ойымыз біреу ғана. Бабалардың адалдық туын жол еткен ізін жалғаған біз бен сіздер не істесек те заң шеңберінен айнымасақ екен.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы