- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар.
Осынау өз мақсатына жеткендердің ішінде досым Мұхан да бар екендігіне қуанамын. Жастық шағымыз бірге өрілген Мұханбетжанды – өмірде Мұхан деп атап кеткен соң азан айтып қойған есімін кейде ұмытып та қаламыз. Терең білім, іскерлік қабілеті бар, мал шаруашылығының маманы – зоотехниктен елге белгілі де беделді ғалым, қоғам қайраткері, ұстаз деңгейіне көтерілді.
Біздің досымыз Мұханбетжан Әлібекұлы Есқара – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі. Көп жылдар қаракөл қой шаруашылығының ғылыми және өндірістік саласында жүріп, Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бөлім басшысы, ғалым-хатшы, «Қазақиталқаракөл» бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары, «Шымкентқаракөл» АҚ-ның вице-президенті болып қызмет істеді.
Бір ғасыр өмір сүрсең де, бөтен адам түгілі, қасыңдағы досыңа баға берудің өзі қиын екені белгілі. Мен Мұханды сонау өткен ғасырдың 70 жылдардың басынан танитын болсам, оған азды-көпті мінездеме беру үшін төрт онжылдық мерзім аз емес деп ойлаймын.
Мен 1974 жылы Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Шымкенттегі Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа келгенімде, Мұхан менен институтты бір жыл бұрын бітіріп жұмысқа орналасқан екен.
Шындығын айтайын, мен Мұханды бірінші рет көргенде, оны басынан сөз асырмайтын, өзінікі болмаса ешнәрсеге көнбейтін, қыңыр тартуға құмар адам-ау деген пікір туындаған. Кейін әсте де олай еместігіне көзім жетті.
Мұханның бір қасиеті көзге түссем деп көлбеңдемейтін, елге сыйлы адамдарды қадірлеу, кейінгіге өнеге ету – салтымыз деп есептейтін азамат. Оңтүстік елі, топырағы талай ұлы адамдарды дүниеге келтірген. Ұстазды да, ғалымды да өсірген, менің досым солардың сарқыты деп ойлаймын.
Біздің Мұхаң зейнеткерлікке шыққанымен не істерін білмей, зерігіп отырған ақсақалдардың қатарына жатқан емес. Үнемі ғылыми жұмысы әсте бітпейтін. Жас ғалымдарға жетекшілік ету, пікір беру, оппонент болумен бірде Алматы, бірде Астана қалаларында, ал бірде тіптен шетел асып кететіні де бар.
Сөйтсе де, күнде жұртпен араласып, үнемі көпшілік назарының ортасында жүретін адамға сол қалыпты бұзып, үйде көбірек отыру белгілі дәрежеде қолайсыздық тудырады-ау шамасы. Өйткені біздің Мұхаң өз курстастары, әріптестері және шәкірттерімен көбірек кездесуді қалайды. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы ғылымын толық меңгеріп, экономика саласының кәнігі маманы ұстаздық қызметін әлі күнге жалғастырып келеді. Профессордың кейінгі ұрпаққа берері телегей-теңіз.
Біз Мұханмен жиі араласып тұрсақ та, сол басқосуларда таусылмайтын әңгімеміз бар. Оның ауқымы кең: мынау заманды, қоғамды, ғылымды сөз етеміз. Достар-жолдастар туралы жақсы да қызықты лебіздерімізді айтып еске түсіреміз. Ғалым Кеңес одағы құлап, дүние өзгеріп жатқан кезде де мал шаруашылығы даму мәселелерін көтеріп, монография мен оқу құралдарын жазды.
Біздер 1976 жылдың күзінде бесеуміз Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түстік. Олар: зоотехния мамандығы бойынша Есқараев Мұхан, Смаилов Божбанбай, Абдукаюмов Сейдахмет, Бөпетаев Қоныс және экономика мамандығы бойынша – мен, Мырзалиев Бораш. Осы бестіктің ішінде бірінші ғылым докторы дәрежесін алған да досымыз – Мұханбетжан Есқара.
Біздер – достары мен әріптестері, Мұханды «Оңтүстікте елтірінің керемет те, қымбат түрі – қаракөлше өндірудің атасы» деп атасақ қателеспейміз. Бұл жеке басқа табыну емес екендігін мына дәйектер дәлелдейді. Мұхаң ғылыми өмірінде тек өзі ғана, оңтүстіктің мақтанышы – «қаракөлше» мәселесімен айналысып қойған жоқ. Осы мәселе бойынша бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын дайындады.
Мұқаң өз шәкірттері мен студенттерге шын жанашырлық танытып жүретіндігін жақсы білемін. Сондықтан тәжірибелі ұстаз, үлкен ғалым есебінде мен бұдан жиырма жыл бұрын университеттің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы және экономика факультетінің деканы қызметін атқарып жүргенімде Мұхаңды үш жыл қатарынан мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағалығына шақырдым. Сол уақытта мемлекеттік емтихан тапсырушы әрбір студентке өз баласындай қамқорлықпен қарап, мүмкіндігінше жоғары баға қоюға тырысатын. Мемлекеттік емтихан сол уақытта қырық күндей өтсе де, ешқайда кетпей, тапжылмай отырып өзінің міндетін толық атқаруы Мұхаңның ерекше қасиетіне жатады.
Сол уақытта маған ол «чиновник» деген лақап ат қойып, мемлекеттік емтиханға кейде қатысып отырып студентке сұрақ қоя бастасам, ол:«чиновник басқа жұмыстарың толып жатыр ғой, соларды орындай бер, бұл жағын біз қатыра береміз ғой»,- деп әзілдейтін. Сонда бітіруші түлектерге жанашырлық танытып, емтиханда комиссия мүшелеріне азырақ сұрақ қойғызуға тырысқаны, студенттер арасында қатты ризашылығын тудырып отыратын.
Біраз әңгіме-дүкен құрып отырған уақыттарымызда сонау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары Қаракөл институтында бірге алма теріп, мақта жинап, шөп шауып жүрген мезгілдер еске түседі. Өзінің аяулы жары Гүлсарамен сол уақытта танысып, отбасы құрғаны, перзенттерін тәрбиелеп өсіріп осындай дәрежеге жеткені достары үшін ұмытылмас із қалдырған естеліктерге жетектейді.
Өткенді айта берсем бір кітапқа сыймайтын роман шығатындай оқиғалар бар. Сондықтан осындай досымызбен бірге өмір сүргенімізге қуанамыз. Отбасы болып араласып, бүгінгі күнге дейін бір-бірімізді көргенде жүрегіміз жарылып, дүниеде ең керемет кезеңдер осы еді деген тұжырымға келеміз.
Мұхаң жас кезінен зоотехнияда ғылыми жүйелерді саралап, оларды сараптай отырып, терең зерттеп өз тұжырымдамасын жасай білген ғалым. Содан бері талмай ізденген таудай талап, сезімтал жүректі тас қияға өрлетіп, ғалымдықтың ауылына ат байлатқан-ды. Сондықтан жас ғалымнан Қазақстанға белгілі ғалымға айналды. Мұхаңның биік білімінен, тұғырлы еңбегінен, толымды тәжірибесінен тәлім алып, Қазақстанның төрт бұрышында абыройлы еңбек етіп жүрген шәкірттері жиі хабарласып, ақыл-кеңесін сұрап тұратындығын да естіп жүрміз.
Мұхан көп жылдары Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына өз мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі әрі ғалым хатшысы болып, елімізге жас ғалымдар даярлауға атсалысқан ғалымдардың бірі. Ол өз ғылыми мектебінде ондаған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары мен кандидаттарын, сонымен қатар ауылшаруашылығы және экономика магистрларын тәрбиелеген кемел ғалым. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстан мен шет елдерде табысты еңбек етуде.
Біздің Мұхаң көп жылдан бері мал шаруашылығы, кейінгі жылдары экономика саласында тынымсыз еңбек етіп, осы жолда көп белес-биіктерден өткен жігерлі азамат. Бойындағы еңбекке адал, мақсатқа берік қасиеттерінің арқасында бүгінде кең байтақ еліміздің Оңтүстік аймағындағы шырайлы Шымкентте шәкірт тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді. Әріптестері Мұхаңды ақылман ұстаз, іскер ғалым, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде ерекше бағалап, құрмет тұтады. Оның ғылыми еңбектерінің орны ерекше. Ол – профессордың шексіз білімі мен тәжірибесін танытатын, дарынын даралайтын сүбелі еңбектер. Бұл шығармалар заман ағымында мергеннің дер кезінде атылған оғындай орындай алды және ғұлама ғалымның асқан білімдарлығы мен көрегендігінің дәлелі болды.
Біздің Мұқаң өзі атқарған барлық мәртебелі қызметтерде жоғары белсенділік танытып, ел ішінде үлкен беделге ие болып отыр. Бар күш-жігерін, мол тәжірибесін туған еліміз – Қазақстанды нығайта білетін мамандар даярлауға аямай жұмсады. Әрдайым қарапайым адамдардың мұң-мұқтажына терең бойлап, әркімге жақсылық жасауға құштар ғалым досымыз, әрқашан білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында әріптестері арасында құрмет пен сыйға бөленіп, еліміздің өркендеуіне, қанаттанып гүлденуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Бүгінде ел ағасы атанып отырған үлкен жүректі азамат бала-шаға, ағайын-туғандарының, өзін сыйлайтын елінің, достары мен шәкірттерінің ортасында адамгершілік асыл қасиеттерін жоғары ұстаған күйі абыройлы өмір сүріп жатыр. Перзенттерінен өрбіген немере, шөберелерін тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеп, жетілдіріп келеді.
Қаншама студент жастарға ғылымның қыр-сырын үйретуден жалықпайтын Мұханбетжан Әлібекұлы өзі тәрбиелеген түлектерімен мың жасайтыны сөзсіз. Осындай абзал істерге аянбай еңбек етіп жүрген қадірлі азаматқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына береке-бірлік, баянды бақыт, еңбекте тартулы табыс тілеймін. Жаңа тарихымыздың жарқын болашағы жолында еңбегі жана берсін.
Мына бір өлең шумағы біздің бүгінгі күнімізді суреттейтіндей:
Еске алатын сәттер рас, көп бүгін,
Борандатқан, дауылдатқан өтті күн.
Жетпіс келіп жайғасқанмен желкеге,
Әлі бізге баяғыша жоқ тыным.
Мұхаңмен жарты ғасырға жақын достығымыздың жарасып келе жатқанын мақтан тұтамын. 70 жасқа толған мерейлі мүшел тойында өзіне денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіне баянды бақыт тілеймін.
Бораш МЫРЗАЛИЕВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясы және Ресей жаратылыстану академиясының академигі.