- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Адамзат өмірі жолқатынаспен байланып жатыр. Уақыт озған сайын кемелденіп бүгінгі көліктер пайда болды. Заманында атпен жүретін айшылық жол сағаттық жолға айналды. Қалтаңызда ақшаңыз болса болды ұшақпен, пойызбен, болмаса автобус, жеңіл көліктермен қалаған жеріңе бара аласың. Тіпті жөні келсе астыңдағы жеке көлікпен сапар шегесің. Былайша айтқанда жол жүрудің амалдары көп. Қатынас өте қолайлы деп кесіп айтуға негіз бар.
Осы заманда бір жерге жете алмай қалу мүмкін емес деп ойлайтын едік. Бұл ойымыз теріске шықты. Керек болса әудем жерге жете алмай қалу мүмкіндігі де бар екен. Әлемді аяғынан тұрғызған коронавирус дерті біздің елді де айналып өтпеді. Азаматтардың бас амандығын қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдай жарияланып, уақыты жетіп алынып тасталды. Бірақ карантин талаптарын сақтай отырып, кей орындар жұмыстарын жүргізуде. Соның бірі төтенше жағдай кезінде тоқтатылған теміржол жайлы.
Біраз уақыт тоқтатылған Түркістандағы темір жол қатынасы өз жұмысын бастайды. Ал билет сату 18 мамырдан басталған. Мұнда билеттер онлайн форматта және арнаулы вокзал кассаларында сатылымға шыққан болатын. Содан бері әртүрлі бағытта 405 жолаушыға билет сатылған.
Ал жолаушылар тарапына қойылып отырған талаптар да қатаң. Ең басты түйін Мемлекеттік бас санитар дәрігердің талаптарын сақтау ескеріліп отыр. Нақтылап айтар болсақ вокзал ғимаратына тек билеті бар жолаушылар кіргізіледі де, бұрынғыдай туыс, досын шығарып салу деген дүниелерге шектеу қойылған. Сапар шегу барысында денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында бетперде, қолғап киюге міндетті. Бұл талапты жолсеріктер де мүлтіксіз орындауы керек. Тіпті вокзал қызметі кіре берісте барлық адамның дене температурасын тексеруді жүзеге асырып отырады. Сондай-ақ, жылжымалы құрам вагондарында кондициялау, желдеткіш жүйелері мен желдеткіш сүзгісін ауыстыруға ревизия жүргізуді жүйелі орындайтын болады. Басты себеп инфекция қалдықтарын болдырмау, тазалықты сақтау арқылы індеттің алдын алу. Бұл жерде вокзал мен пойыздарда жұмыс істейтін қызметкерлерді ауысым сайын медициналық тексерістен өткізу жіті бақылауда ұсталады.
Міне, осы секілді көптеген сақтық шараларын орындай отырып ең алдымен «Қызылорда-Семей» бағытындағы пойыз жүреді. Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы жолаушы-лар рухани шаһардан өз сапарларын 1 маусым кеште бастайтын болады. Одан кейінгі кезекте өз реттері мен уақыты бойынша «Алматы-Орал», «Ақтөбе-Алматы», «Қызылорда-Көкшетау» т.б бағыттары іске қосылады. Алдағы күндерде белгілі себептермен сапар шегем дейтін қала тұрғындары үшін билеттерін алып, сақтық шараларды орындай отырып жолға шығуына болатынын айта кетуді жөн санап отырмыз.
Еске сала кетейін, теміржол қатынасын қалпына біртіндеп келтіру туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысында айтқан болатын. Ел аумағы бойынша билеттер 2020 жылғы 15 мамырдан сатыла бастаған. 1 маусымнан бастап ішкі теміржол қатынасын кезең-кезеңімен жүргізу жұмысы тапсырылған болатын.
Үмітбек БАҒДАТ.