ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕН ЕСЕП БЕРЕТІН МЕРЕКЕ

1  054 көрілім

Жаздың алғашқы айы жайдары мерекемен басталатыны белгілі. Ол 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні.

Бұл тұрғыда еліміз маусымның алғашқы күнін әлем жұртшылығы секілді балаларға арнайды. Онда қазақ топырағында дүниеге келген әр баланың құқығын қорғау мен қамтамасыз ету міндеті басты назарда ұсталған. Ұлттық санада қалыптасқан «кісі болар баланың кісесінен белгілі, ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» ұғымы бойынша бала тәрбиесі жүріледі. Әр баланың шамасына, арманына қарай қарекет болады. Бала кезден ырым-тыйымдар арқылы тәрбиелеудің маңызы мемлекеттің балаларды қолдау саясаты негізінде орындалып отырады.

Елдің болашағы болған жеткіншектерге көзқарас жақсы жағында деуге болады. Табиғаттың бір тал шыбығын сындыруды обал дейтін болмыс балапандарға ерекше қарауды әдетке айналдырған. Баланы отбасы және мектеп тәрбиелейді. Сосын азамат болып қоғамға шығады. Тәрбие жағынан қарағанда бүгінгі қоғамға қарай әртүрлі. Мәселен таңнан қара кешке дейін теледидарға телміріп, смартфонға арбалып отыратын балалар легі қалыптасып келеді. Осының түбі жақсылыққа апармайтыны белгілі. Әр дүниенің теріскейі мен күнгейі болатыны секілді дарынын ұштап, талантын сәулелендіріп жүргендер де баршылық. Келешек деп осындай ілгері шапқан, ағынға қарсы жүзгендерді айтсақ болатындай.

Құр сөз болмасы үшін дара балаға мысал келтіре кетейік. Кейіпкеріміз 13 жасар Ақсұлу Айтбай. Ертеден келе жатқан таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды аспап саналатын қобызды шебер меңгерген. Сазды әуені жаныңды тербейтін осы аспаппен талай бәйгені қанжығасына байлаған. Ерінбей жалықпастан еркін меңгеруге, әлі де биік нәтиже жаратуға талпынып келеді.

«Қобыздың сыртқы келбеті көрген жанның көзін тартады, оны қолыңызға алып, тарта бастасаңыз жүрегіңіз селт ете қалары сөзсіз. Өйткені аспаптан шыққан жағымды қоңыр дыбыс жаныңызды лезде баурап алатын ерекше қасиетке ие. Бұл аспапқа жан бітіріп, қоңыр әуезді үнін әуелетіп жүргім келеді. Себебі оны тартқан сайын ерекше бір шабыт аламын» деп ағынан жарылды өнерлі қызымыз сөз арасында. Тіпті жүлдегер атанған байқауларында тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, «Алаш үміті» Халықаралық рухани жаңғыру фестивалінің бас жүлде, Халықаралық «Таңғы шұғыла» мега-тележобасының І дәрежелі дипломы, «Дарабоз» ІІ республикалық байқауының гран при иегері.

Әрине, он үш жасында бағындырған белестері жаман емес. Жас дарынның жемісті еңбегінің басы. Соңына жеткенше талай бағы жанары күмәнсіз. Бұл көп өнерлі балалардың біреуі ғана. Осындай үлгілі балалар білім, ғылым, өнер, әдебиет т.б салалардың барлығында жетіп артылады. Республика аумағы, қала берді Түркістан қаласынан да көңіл хош боларлықтай саны бар деуге болатындай. Басты мәселе бұлақ көрсең көзін аш дегенге саяды. Болайын деп ұмтылып, жетейін деп талпынып тұрған жас өркенді қанаттандыру қолымызда. Атаулы мерекенің мақсаты, атқаратын қызметтері, шығарар нәтижесі осы бағытта. Бір емес барша баланың жүзіне шаттық ұялату. Көңіліне медет сыйлап өмір сапарына бағыттау.

Қорыта келгенде балаларды қорғау күні мерейі үстем, берері мол мереке екені белгілі жай. Оған толып жатқан себеп пен салдар айтуға болады. Анығы «балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін тағылым аясында балалар ертеңі жіті қарастырылған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін даталы күн арқылы балапандарды аялау, қорғау және қолдау көрсету жүзеге асып отырады. Енді бір сөзбен айтқанда бір жыл бойы бүлдіршіндерге не істеп бердік, не істей алдық немесе енді не істеуіміз керек деп есеп беру күні. Содан кейінгі кезекте жіберілген кемшіліктердің, ақтаңдақ тұстардың орынын толтыру жүзеге асады. Осылай болғанда ұрпағымен мың жасайтын халықтың келешегі мәңгі болмақ.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы