ШАРУА 35 ТОННА ҚЫРЫҚҚАБАТ ТАРАТТЫ

830 көрілім

Қайырымдылық – иісі мұсылман баласының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Сан ғасырлардан бері қазақ топырағынан нәр алып, кіндік қаны тамған атамекеніне тамырын жайған әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі соңғы уақытта елдегі орын алған жағдайларға бей-жай қарамады.

Әлем елдерін үрейлендірген covid19 індетінің елде таралуының алдын алу, ауыздықтау, мүмкіндігінше індеттен адам шығынын болдырмау мақсатында наурыз айында мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режим енгізілген болатын. Міне, сол сәттерден бастап Мақтаарал ауданының жаны жомарт, қолы ашық азаматтары елдегі аз қамтамасыз етілген әлеуеті әлжуаз отбасыларға қайырымдылық көмектерін үдете түсті. Кәсіпкерлер мен жергілікті мәслихат депутаттары, ерікті азаматтар шама-шарқынша азық-түлік пен гигиеналық заттарды жеткізіп беріп отырды.
Жақсылық жасауда өзгелерге үлгі болып, қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтын мақтааралдық сондай азаматтардың бірі – «Мықтыбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Зарифулла Муфтуллаев.

Бүгінде қожалыққа қарасты 60 гектарға жуық алқаптан жылына екі өнім алуды дұрыс жолға қойған қожалық төрағасы иісі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының Айт мерекесіне арнап Шымкент қаласына 35 тонна қырыққабат жөнелтті. 7 «Газель» автокөлігіне тиелген орамжапырақтар мегаполистің жер-жерлерінде тегін таратылды.

«Біздің басты мақсатымыз – атағымызды шығарып, жағымпаздану емес, елге, халыққа пайдамызды тигізу. Мейірім мен қайырымдылықтың, сабырлылықтың топтасқан Рамазан айының Айт мерекесінде елге айттық таратуды жөн көрдік. Берекелі халқымыз бұл қиындықтарды да жеңіп шығатынына сенімдіміз»,-дейді «Мықтыбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Зарифулла Муфтуллаев.

Айта кетейік, 60 гектар егістігіне қырыққабаттан бөлек мақта, жүгері, маш, жоңышқа сынды өнімдердің тұқымын себетін қожалық орамжапырақтың басым бөлігін Ресей Федерациясына ешбір кедергісіз өткізген. Айттың алғашқы күніндегі қайырлы ісіне Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Берік Шәмпиев мұрындық болып отыр екен.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы