МАҚТААРАЛДА САРҚЫНДЫ СУДАН БАЛЫҚ АУЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

1  422 көрілім

Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың мәліметі бойынша тасқын судан кейінгі көлшіктердегі балықтардың жарамдылығын тексеру үшін балықтың бірнеше түрі Шымкент қаласындағы сараптама орталығына жөнелтілген.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы топан су басқан елді мекендерде балықтың жаппай қырылуын болдырмау және оларды құтқару мақсатында сарқынды суды каналдарға қуу жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде мамандар 9 мың текше метрге жуық суды каналдарға жіберіп үлгерген. Су басқан елді мекен тұрғындарының балық аулауларына тыйым салып, улану фактілерінің алдын алу мақсатында Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуде.

«Біз 12 мамыр күні су басқан елді мекендердегі балықтардың жарамдылығын анықтау мақсатында 3 дана сазанды ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясының зертханасына жолдадық. Бұдан бөлек, 3 дана сазан мен 1 дана дөңмаңдай балығын Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау басқармасына да жөнелттік. Сараптама қорытындысы алдағы аптада дайын болады. Соған дейін тұрғындардың сарқынды судан балық аулауына тыйым салынады» дейді Шәкен Боранбай.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы