ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ ЖҮРЕКТІЛЕР ЖЕҢЕДІ

1  145 көрілім

Қаламыздағы «Айкөркем» салтанат сарайында «Жекпе-жек» ұлттық спорт түрінен Халықаралық кәсіби турнир өтті. Нақтырақ айтсақ, спорт кеші Таубай Егенбердиев, Болат Ибрагимов, Дәулет Манапов, Азиз Анетов сынды белсенділер мен бапкерлердің ұйытқы болуымен жүзеге асты.

Өткен жылдың қазан айынан облысымызда өз жұмысын бастаған «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының бастамасымен өткізіліп отырған аталмыш турнир қаламыздағы алғашқы ірі жарыстардың бірі болып табылады. Сол күні спорт жанкүйерлерінің көп жиналғаны осы спорт түрінің ел арасында танымал бола бастағанын аңғартса керек.

Жарыс шымылдығын түрген Түркістан облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Қанжігіт Сыздықұлы, «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының директоры Ерназар Әлімбетовтер облыс орталығында өткізіліп отырған Халықаралық турнирдің мақсаты мен деңгейіне тоқталды. Спорт пен өнер ғана көк туымызды жоғарыда желбіретеді, сондықтан осындай дәрежеден көрінетін спортшыларымыз көбейе берсін деген тілектерін білдірді. Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Біржан Жақыпов облыс тұрғындары мен аламан жарысқа қатысушы спортшыларға ізгі ниетін жеткізді.

Сол күні спортсүйер қауымның зор қолдауымен қазақ батырлары өз жерінде ойдағыдай өнер көрсетті. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген жас өрендер де шаршы алаңда аянып қалмады. Десек те, қарсыластарынан қаймықпаған Абылай Сартай, Медет Нуртулла, Жасұлан Жолдасов, Бақдос Олжабай, Нұржігіт Баймен, Садыхан Несіпхан, Талғат Мақажанов, Амандық Абилдиев сынды болашағынан зор үміт күттіретін қазақ батырлары өз салмақ дәрежелері бойынша Халықаралық турнирдің жеңімпаздары атанып, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады.

Осылайша, үш ата ұрпақтарының ұйытқы болуымен Түркістанда жоғары деңгейде ұйымдастырылған тағы бір дүбірлі жарыс мәреге жетті.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы