Жақында Руслан Стамқұлов басшылық жасайтын №21 жалпы орта мектебіміздің 8-сынып оқушысы, спортты жанына серік еткен Таңжұлдыз Тұрымбетова үстіміздегі жылдың 30-31 наурыз күндері Германияның Гамбург қаласында өткен таэквондодан «German Open G1» Халықаралық турнирінде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында жүлдегер атанды. Ал, 25-29 сәуір күндері Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында өткен «Таджикистан Ореn» халықаралық ашық турнирінде жеңімпаз деп танылды. Таңжұлдыздың жеңісі – ең алдымен бапкері, Қазақстан Республикасы «Тарлан» сауықтыру спорт кешенінің жаттықтырушысы, ҚР-ның спорт шебері Рақымжан Жыңғылбаевтың, сонымен бірге спортқа деген қызығушылығын байқаған, ширақтығын аңғарып, таэквондоға қарай икемдеген ата-анасы Жалғас және Ақмарал Тұрымбетовтердің әрдайым қолдап, демеу көрсетіп отырған ата-әжесі Олжабек Тұрымбетов пен Закира Бейсенбаеваның арқасы деп білеміз.
Жеңіс жолына жетелеп, жаттықтырған бапкері Р.Жыңғылбаев: «Мен жаттықтыратын әр баланың өзіндік орны бар. Ал Таңжұлдыздың бойынан мен табандылық пен өжеттікті, мақсатына жетпей қоймайтын қайсарлықты байқаған едім. Сондықтан, бұл алғашқы Халықаралық турнирден олжалы қайтарына шүбәсіз сенген болатынмын. Таңжұлдыз – болашағынан үлкен үміт күтетін ерекше қабілетті шәкірттерімнің бірі» деп зор мақтанышпен, әрі үлкен сеніммен айтады.
Мектепте оқу үздігі, сыныптастарының алды, қаламыздың, еліміздің мақтанышы болған Таңжұлдыз – өзінің алғашқы жеңісін қашанда демеу болып, қолдау көрсетіп отыратын №21 жалпы орта мектеп ұжымында еңбек ететін ұстаздары мен 1 мамыр мерекесімен тұспа-тұс келетін мектеп директоры Руслан Дайрабайұлының туған күніне тарту ретінде арнап отыр.
Жас та болса бас болып, өз іскерлігін танытып, аз уақыт ішінде көпшілік құрметіне бөлене білген Руслан Дайрабайұлының еңбек жолында жеткен біршама жетістіктері бар. Түркістан қаласы әкімінің, ішкі саясат бөлімінің, Түркістан қаласындағы «Нұр Отан» партиясының, Түркістан ҚББ-нің, Түркістан облыстық білім басқармасының бірнеше Алғыс хаттарымен, ҚР Ы.Алтынсарин медалімен марапатталған іскер басшы. Шәкірттеріңіздің шығар шыңы биік болып, еліміздің өркендеуіне үлес қоса береді деп сенім артамыз.
№21 жалпы орта мектебінің ұжымы.