- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін Түркістан қаласында Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған таэквондодан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан V Республикалық жарысқа 33 командадан 600-ге тарта спортшылар қатысуда. Салтанатты рәсімнің шымылдығын Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев ашып берді.
Одан әрі Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханов сөз алып, жастардың спортқа сүйіспеншілігін арттыруда осындай біріншіліктердің ұйымдастырылуы аса маңызды екендігін, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік екендігін жеткізді. Байрақты бәсеке алғашқы жылдары қала ішілік өткізіліп, бүгінде Республикалық деңгейде жалғасын табуда. 14-16 мамыр аралығына өтетін турнирдің алғашқы ойындары ашылу салтанатынан соң із ала басталып та кетті. Әр аймақтан сайдың тасындай іріктелген қатысушылар жоғары қарқынмен келгендіктерін көрсетті. Осы уақыт аралығында Бекзатты еске алуға арналған бокс, таэквондодан және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп келеді. Бүгінгі бәсеке де сол игі шараның жалғасы болмақ. Келешекте Қазақстанның Әнұранын шырқататын Азия, Әлем олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері осы ойыншылар арасынан шығуы бек мүмкін. Үш күнге жоспарланған ашық біріншілікте ойыншыларға сәттілік тілейміз.
Венера ОЙЫЛХАНОВА,
Жауһар ТӨЛЕГЕН,
Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 3-курс студенттері.


