МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ПАЙЫМДЫ ПІКІРІ

1  115 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі көпшіліктің көңіліне қонатындай, әрбір ел азаматының жүрегіне жететіндей жазылған. Еліміздегі төтенше жағдай халықты біраз тығырыққа тіреді, тіпті, күрделі мәселелерді туындатты. Президентіміз халықты тығырықтан шығару үшін мәселені шешудің нақты жолдарын атап өтті. Президенттің мәлімдемесінен нақтылықтық пен жоғары жауапкершілікті сездік.

Қазір бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан халқы да күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр. Бірінші кезекте елдің амандығы – адами әлеуеттің өмірі мен денсаулығы маңызды екенін мемлекет тағы да айқын дәлелдеді. Қазақстанда індеттің алдын дер кезінде алу тұрғысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл Мемлекет басшысының көрегендігін көрсетті. Төтенше жағдай кезеңінде университетте қашықтықтан оқыту жүйесіне көшу қолға алынып, жүйелі түрде дәрістер өткізілуде. Сонымен қатар, төтенше жағдай ережесіне сәйкес пандемияның таралмауына қатысты сақтық шаралары қолға алынды.

Университет ректоры, академик Б.Абдрасиловтың басқаруымен университет тарапынан да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік жағыннан аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен қамту, шетелден келген білімгерлерге әлеуметтік көмек көрсету, университетке қарасты колледж білімгерлерінің медициналық бетперде тігуі және ұжымдағы ОПҚ мен өнер қайраткерлері де халықпен бірге тәжірибесімен бөлісіп толассыз жұмыс істелуде. Төтенше жағдай жариялануына байланысты университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және құрылымдық бөлімдері қашықтықтан жұмыс форматына көшірілген болатын. Осы тарапта университет ғалымдары да түсіністік танытып ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша онлайн режимінде ғылыми іс-шара өткізіп, конференциялар, ғылыми семинарлар, іс-шаралар ұйымдастырды. Ахмет Ясауи университеті ғалымдарының тың, қызықты тақырыптармен өтіп жатқан онлайн – кездесулерінің жұртшылыққа әсері жоғары болуда. Тарих қойнауынан деректермен қамтылып, ғылыми жаңалықтар таныстырылды.

Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы дағдарысы мен жұртты елеңдеткен коронавирустың әлегі еліміздің де экономикасы мен адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде: «Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер» – деп мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында бірлікке шақыруы Президент ретінде ғана емес көреген, парасатты адам ретінде құрметтеуге лайықты.

Елімізде алғаш жариялаған карантин күнінен бері қарап отырсаңыз мемлекеттің тәж дертінің тарап кетпеуін жасап отырған іс-шараларының барлығына халықта түсіністікпен қарап, тәртіпті бұзбай үйлерінде отыруының өзі бүгінгі адамдардың ой-парасатының жоғары екендігі және билікпен ынтымақта жұмыс жасай алатынын көрсетті. Осы кезде мемлекет тарапынан да адами тұрғыдан ел халқына қамқорлық жасап, әлеуметтік көмектерді жаппай көрсетуі, шағын және үлкен кәсіпкерлерді қолдауы құрметтеуге лайықты деп есептеймін. Әлемді шарпыған індетпен күресіп жатқан тек қана Қазақстан емес. Карантин жарияланып, көшелерінде меңіреу тыныштық орнаған елдер көп. Сол елдердің арасында халқына жанашырлық танытқандардың алғашқы легінде болғанымызға қуанамын.

Мемлекет басшысының сын тұста халқына жасаған мәлімдемесі әрбіріміздің болашағымызға нық сеніммен қарап, ауызбіршілігіміз бен бір-бірімізді қолдауымыз адал болған жерде, сабыр мен саясат көрсеткен жолда табандылық танытсақ, алынбайтын қамал жоқ екенін әрбір Қазақстан азаматына нақты жеткізе білді. Бізді ғана емес күллі әлемді дүрбелеңге салып, дүрліктіріп отырған тәж дерті біздің елімізді де қамтып отыр. Осындай ауыр күнде ел мен жердің игілігі үшін еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін ортақ міндетке үлес қосып, жарияланған карантин ережесін қатаң сақтау керек деп білемін.

Камалбек БЕРКИМБАЕВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің вице-президенті, п.ғ.д., профессор.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы