Қазақ халқында: «Ер – ел үшін туады, ел үшін өледі»-деген қанатты сөз бар. Бұдан халқымыздың ер баланы жастайынан ашамайға отырғызып, ат жалын тартуға үйретуі: «Жау жағадан алғанда еліне пана, отанына қорған болсын»- деген тілек-ниетпен қоса, ерге артылған жауапкершілік пен міндеттің сырын ұғуға болады. Ел тарихына көз жүгіртер болсақ қаншама қиын – қыстау, зұлматтарды, талай аласапыран мен қанқұйлы кезеңдерді бастан кешіргені көкірегі ояу, көзі ашық жандарға айдан анық, құлаққа қанық екені белгілі. Сондай сұрапыл зұлматтың бірі – Ұлы Отан соғысы да талайлардың жады мен жүрегінде… Қазақ жауынгерлері арасынан 100-ден астам адам осы сұрапыл соғыста жанқиярлық, ерен ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иемденді. Олардың арасынан майдан даласында кеудесін оққа төсеген ерлер, полк пен взводтарды басқарған мықты командирлер де болды. Тарихтың ұлы шежірелі жылдары жайлы ұшан-теңіз айтылып, кеңінен баяндалды десек те, әлі бұл тақырыптың бітпегені белгілі. Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған – қазақтың біртуар ұлы, елі мен жері үшін жанын қиған, ұзақ уақыт бойы «өзбек батыры» деп есептеліп келген, екінші дүниежүзілік соғыста генерал атағын алған – Сабыр Омарханұлы жөнінде болмақ.
Сабыр Рақымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Сабырды анасы Өзбекстанға алып кеткен.(Сабыр ағамызды ұзақ уақыт бойы өзбек өкілі деп жүруінің де себебі осы.) Жат жерде жүрсе де мойымау нағыз табандылық пен мықтылықтың белгісі. Жас Сабыр сол елде мектепті үздік тәмамдап, әскер қатарына шақырылды. Әскери білімін шыңдау үшін Баку қаласындағы әскери училищені де үздік бітірген. Ол Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясындағы полктің взвод командирі, эскадрон командирі атанды. Осылай әскери сатыдан өтіп, 1927 жылы Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен күрес жүргізгені үшін алғашқы «Қызыл Ту» орденін кеудесіне тағады. Жаудан қаймықпаған батырдың бұл еңбегі мерейін көтерді.
Алайда,1937 жылдың зобалаңында Сабыр 19 ай түрменің ащы дəмін татады. Түрмеден шыққан соң атамекеніне оралып, сол жерден Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанады. Сүйікті жары Құралай басқа қазақ əйелдеріндей үйінде қалмай асыл жарының артынан 17 күннен кейін майданға қоса аттанады. Соғыстың аяғында Сабыр Рақымов комдив генералы шенінде болды. Соғыс аяқталар тұста жары Құралай жау тұтқынына түсіп қалады. Оның генерал Рақымовтың əйелі екенін анықтамақ болған гестапошылар адам баласы көрмеген азапты қорлықты қолданса да қайсар қазақ қызы: Мен генерал Рақымовтың жары емеспін. Ұлтым өзбек, аты-жөнім Санобар Сұлтанова дегенінен танбайды. Ештеңе өндіре алмаған немістер оны концлагерьге жөнелтеді. Рақымов басшылық ететін дивизияның барлаушылары тірі қалған 70 адаммен бірге өздерінің сүйікті генералдарының жары Құралайды жау тұтқынынан азат етеді. Оның салмағы 36 келі ғана болып қу сүйегі ғана қалған. Өзбек ағайындар 7 ай госпитальда емделген Құралай анамызға жағдай жасап төбелеріне көтереді. Сабыр Рақымов Польшаның Краков қаласын аларда ерлікпен қаза табады. Ерен ерлігі үшін 1943 жылы жоғары әскери дәреже генерал-майор атағы берілді.
Тегі қазақ тұңғыш генерал турасында тарихи негіздегі мәліметтерді жинаған Әсілхан Оспанұлы өзінің еңбегінде екі елдің бауырында болғандықтан оған «телқозы» деп баға берген. Бұлай аталудың да өзіндік сыры болса керек. Сабыр Омарханұлының қазақ екендігін осы уақытқа дейін дәлелдегісі келіп, талай адамның соңынан жүгіріп, шындықты шырылдап айтқан оның жары Құралай Натуллаева екендігін де айта кеткен жөн. Ол бір сөзінде: «Екеуміздің қазақ екенімізді дәлелдеу үшін елу жыл бойы сандалып, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. 1996 жылы кірмеген жерім қалмаған соң, ақыры әбден күйіндім де, радиокомитетке барып Сабырдыда, өзімді де «қазақпыз» деп жариялап жібердік»,- депті.
Мұнан соң қазақтың болмысы бөлек батыры Бауыржан Момышұлы батырдың жұбайын елге көшіріп әкелді. Алайда өзбек елінің азаматтары Құралай апайды қайтадан Ташкентке әкетеді. Батырдың жары өзбек елінде тұрақтамай қазақ топырағын аңсап, қайта келеді. Өзбек ағайындар қанша жерден батырды өзіміздікі деп емеурін танытқанымен, шындықтың аты – шындық. Ақиқатқа көзі жеткен олардың да түбінде мойындамасқа шарасы қалмады.
Осылай қазақ тарихындағы батырлар бағанасы тағы бір өр тұлғамен толысқаны айқын. Офицер, лейтенант, полковник емес, генералмен. Осындай арыстан жүректі арда азаматтардың арқасында қазақтың абыройы биіктемесе аласармайтыны хақ. Кейінгі толқын да батыр бабаның ізін қуып, бейбіт күннің батыры болуға ұмтылады. Қазығұрттан түлеп шыққан қыран ұлт қаймағының сапына қайта қосылды.
Осы жерде көпшіліктің жүзеге асуға тиіс бір арманы – киелі де, қасиетті Қазығұрттың бойында Сабыр Рақымовқа арналып алыстан мен-мұндалап тұратын, жауға үрей, досқа мерей сыйлайтын ескерткіш қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Ары бері өткен жолаушы мен қонақтар, одан қалса жас буын батырға қарап бой түзеп, елі мен жері үшін жан қиған азаматтарды әрдайым жадында ұстар еді деген ойға қаласың. Одан бөлек, бұл ескерткіш күре жолдың бойында тұрғызылса ел мерейі екендігіне дау жоқ. Жолдың оң жақ бөлігінде кеменің макеті бұл – тіршілік бастауы болса, ал екінші жақ бетінде орналасқан Сабыр Рақымовтың ескерткіші тіршілікті сақтауға, қорғауға дем беріп тұрғандай бір-бірін толықтырып, қос ансамбль іспеттес жараса түсер еді-ау.
Омар ЖЕКСЕНБАЕВ,
облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталық «Жалпы экскурсиялық» бөлімінің меңгерушісі.
