Мемлекет басшысы биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында талай ілкімді істерге куә болудамыз. Атап айтсақ, төтенше жағдайда волонтерлардың бірі тұрғындарға тегін бетперде тарқатса, тағы бірі блок бекетте жұмыс жасаушыларға ыстық тамақ үлестіруде. Енді бірі тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созуда. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, осындай қайырымды шаралардың ұйытқысы болып жүрген еріктілердің бірі «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Шымкент» МГҚБ Түркістан Газ Шаруашылығы мекемесінің II санатты инженері Ақиқат Абдуллаевпен әңгімелестік.
– Ақиқат Махмудұлы, сіздің ұғымыңызда ерікті деген кім?
– Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді ойлайтын адамды «ерікті» деп атауға толық негіз бар. Ондай жандар көмектесуді өздеріне парыз деп санап, тіпті жасаған қызметі үшін өтемақы сұрамайды. Мысалы, қазіргі таңда әлемде 970 миллионнан астам волонтерлар бар екен. Ал, қазақстандық әрбір сегізінші тұрғын осы еріктілер қатарын толықтыруда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық волонтерлік фронт-офистің ашылуында «Мен еліміздің әрбір өңірінде волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ деп сенім білдірген болатын. Осы күні ерікті жастардың халықты жақсылыққа үндеп, жасаған қайырымды істеріне іштей қуанамын. Шама келгенше бізде бұл қанға сіңген қайырымды істерден шет қалмауға тырысамыз. Ерікті болу – бірдей кепка мен футболка кию емес, қоғамға пайдаңның тиюі деп білемін.
– Өз сөзіңізде қайырымды істерден шет қалмауға тырысамыз деп қалдыңыз. Осы жөнінде толықтыра айтсаңыз.
– «Ерікті» сөзі қазақ халқы үшін жат ұғым емес. Себебі, бұл сөз «асар» деген сөзбен астарлас секілді. Бұрындары ауылда ағайын немесе көрші үй салып жатса асарлатып көмек көрсетіп жататын. Көрсеткен көмегі үшін ақы да алмайтын. Міне соның жалғасы болып етек жайған еріктіліктің арқасында жәрдемге мұқтаж отбасыларға көмек қолы созылып келеді. Бұл ретте, ұжымымызбен және жекелей түрлі қайырымдылық акцияларына қатысып тұрамыз. Мәселен, өткен жылы 12-рет ұйымдастырылған республикалық «мектепке жол» акциясы аясында әріптестерімізбен бірге демеушілік таныттық. Сондай-ақ, «Біз біргеміз» бастамасы барысында елдегі төтенше жағдайды ескере отырып, Түркістан қаласы, Сауран мөлтек ауданы, «Мақтазауыт» аумағында тұратын әлеуметтік әлсіз, тұрмысы төмен отбасыларға ұжым болып азық-түлік үлестірдік.
– Алғашқы еңбек жолыңызды қайдан бастап, жұмысыңызда қандай жетістікке жеттіңіз?
– 2014 жылы аталмыш мекемеге жұмысқа орналастым. Алғашында апаттық қалпына келтіру слесары болып еңбек жолымды бастап, сонан соң автоматты газ тарату стансасының операторы, Түркістан қаласы газ шаруашылығының газ құбырларына қызмет көрсету қызметінің жетекші маманы болдым. 2018 жылы мамырда Келес ауданы газ шаруашылығына директор. Рухани шаһарға 2018 жылдың күзінде қайта оралып қызмет атқарып келемін. Жетістік деп айтуға келмес, бірақ еңбектің еленгені деп айтуға болатын шығар. Қала әкімдігі мен қалалық «Nur Otan» партиясы филиалынан алғыс хаттар алып, мекемеаралық шахмат сайысынан жеңімпаз атандым. 2019 жылы мұнай-газ саласының төл мерекесіне орай, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан арнайы «Қазақстан мұнайына 120 жыл» деген төсбелгімен марапатталдым.
– Қай жердің тумасысыз? Өзіңіз және жанұяңыз жайлы баяндасаңыз?
– 1991 жылы Өзбекстан елінде туғанмын. Отбасымызбен рухани шаһарға 1992 жылы қоныс аударып, балалық шағымның бәрі Түркістанның топырағында өтті. 1997 жылы Некрасов атындағы №9 орта мектебіне оқуға қабылданып, 2009 жылы аталмыш орта оқу орнын аяқтадым. Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік университетінің Жеңілөнеркәсіп факультетіне оқуға түсіп, студенттік бағдарламаның арқасында 4 ай АҚШ-та білімімді арттырдым. 2015 жылы ХҚТУ-да мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын және 2018 жылы Қазақстан халықтар достығы университетінің экономика мамандығының магистратурасын тәмәмдадым. Жан-жарым Асем балабақшада саз-өнердің жетекшісі болып жұмыс жасайды. 1 ұл 1 қызым бар.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан:
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.
