МАҚТААРАЛ ОҚИҒАСЫ: КЕШЕ, БҮГІН

1  386 көрілім

Көршілес Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасын жарып келген тасқын Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, жеті мың гектардан аса алқапты шайып кетті. Іле шала төтенше жағдай жарияланып, жаппай эвакуациялық жұмыстармен қатар, апаттың алдын алу жұмыстары басталды. Зардап шеккен азаматтарға ел болып жұмылып, иық теңестіріп еңсеру мақсатында барша жұрт бірігіп қол ұшын созуда.

Оқиғаны тарқатып айтсақ. 1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында 2017 жылы іске қосылған Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. Сардоба қазақ-өзбек шекарасынан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Түстен кейін тасыған су шекара маңындағы Абай каналы арқылы Мақтаарал ауданына жетіп, канал тасыған. Осы күні түнде су әуелі Жеңіс ауылын басып, көрші жатқан Жаңатұрмыс ауылына өткен.

Жергілікті билік шұғыл іске кірісіп, эвакуацияланған адамдарды жер-жерде құрылған орталықтарға орналастырып, өзге ауылдарға су өткізбес үшін амал жасауды жалғастырды. Полицейлер мен әскерилер су алған ауылдарды күзетіп, ішке бөтен адамның кірмеуін бақылады. Ал, жергілікті жұрт пен көрші облыстардың әкімдіктері су астында қалған елге қолдау білдіріп, жатын орын мен ас-суын жеткізді. Еріктілерден құрылған арнайы штаб есеңгіреп қалған елге қажетті заттарын алдырып, таратуды ұйымдастырды.

Орын алған төтенше жағдайға байланысты ҚР Үкіметтік комиссия құрылып, Мақтаарал ауданындағы жағдайымен танысуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр арнайы келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан Нұрлыжол, Өргебас, Фирдоуси ауылдарын аралап, елді-мекен тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдармен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент елді-мекенінде жиналыс өткізді. Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия шешімімен Мақтаарал ауданындағы қызыл су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленетін болды.

Мырзакент елді-мекенінің шетінен жаңа мөлтекаудан соғылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Ол үшін Мырзакент ауылынан 500 тұрғын үй салуға 50 га. жер белгіленді. Әр тұрғын үйдің шаршы метрі 100 метрді құрамақ. Жаңа тұрғын үй алабында орталықтандырылған су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Әлеуметтік нысандар бой көтереді.

«Су астында қалған ауылдың әрбір тұрғыны 100 мың теңгеден көмек алады. Мырзакент елді мекенінде жаңа ықшам аудан соғылады. Ол жерге Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Жаңа қалашықта орталықтандырылған ауыз су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Жаңа мектеп, балабақша, яғни, әлеуметтік нысандар салынады. Ең бастысы ауызбіршілігіміз ажырамай, бар қиындықты ел болып еңсеруіміз қажет», – деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданына арнайы техника және мамандарымен Өзбекстаннан арнайы топ келді. Олардың қатарында, 100-ге жуық арнайы техника мен 200-ден астам маман келген. Техникалардың арасында өрт сөндіруші көліктер, экскаватрлар, тракторлар, сусорғыш және жүк көліктері, тұрғындарды тасымалдайтын автобустар бар. Көрші елден келген жасақ жайылған суды сору, арналарды бұру, бөгет салу жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, су астында қалып, зақымданған тұрғын үйлердің құрылысына да атсалысады. Көмекші топ алдағы уақытта тағы да жұмыс күші мен құрылыс материалдары келетінін жеткізді. Бұл шаралар Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылуда.

Мақтааралдықтарға «Nur Otan» партиясы 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберіп, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бойынша жолданып отыр. Тұрғындарға бірінші кезектегі қажет заттар мен азық-түлік Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты құрылған штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Апат айтып келмейді. Оның алдын алу қиын екенін ескерсек, ендігі кезекте жолын бөгеу мен шығындарын өтеу жұмыстары қатаң бақылауда жүріп жатыр. Бұл оқиға тек мақтааралдықтар үшін ғана емес барша қазақстандықтардың басына төнген қайғы. Соны ерте ескерген халқымыз жер-жерден көмек қолын созып, көліктерге тиелген қажетті заттар ағылып келуде.

Сонымен қатар, ардагерлер мен ауыл ақсақалдары елді бірлікке шақыруда. Облыстық, қалалық мәслихат депуттары да қолдан келген көмегін жасап жатыр. Бұл жағдайға елордалық депутаттар да үн қосты. Халықтың көп бөлігі егіншілікпен айналысатын ауыл үшін бұл апат үлкен қайғы екені айтпаса да түсінікті. Ендігі мәселе ауыл іші мен арық-атызға көл болып жиналған суды сай-салаға ағызу. Оған Түркістан облысының төтенше жағдайлар құрылымы мен Шымкент, Түркістан тіпті Қызылорда облысының құтқару жасақтары да жұмылдырылды. Топан судың алдын қолмен бөгеген ауыл азаматтары да қол ұшын беріп жатыр.

Қазақта қиындықты бөліссең жеңілдейді деп бекер айтпаған. Осыған дейін болған апаттарды да ел болып еңсердік, жеңдік. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбектенсек ғана залалды ауыздықтайнымызды білеміз. Елі мен жері су астында қалып, өздері панасыз қалған қандастарымызды барынша қолдаймыз. Көңілі дариядай халқымыз бұл қиындықтан да бірге өтетініне сенімдіміз. Мақтааралдықтар, біз біргеміз!

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы