Бокстан Сидней олимпиадасының жеңімпазы, I дәрежелі «Барыс» ордені-нің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Бекзат Саттархановты тек Түркістан жұрты ғана емес, бүкіл республикамыз бен әлем елдері де таниды және мақтан тұтады. Небәрі 20 жасында жеңіс туын желбіретіп, спорт шыңын бағындыр-ған азамат тірі болғанда биыл 39 жасқа толар еді. Ер Бекзаттың атын халық еш ұмытқан емес, ұмытпайды да. Шаһарымызда жеңімпаздың туған күні қарсаңында көптеген игі шаралар өтіп, халқы үшін қалдырған ерлігін әрдайым жадымызда қалдырып, еске алып отырады.
Осындай дәстүрлі іс-шараның бірі – қаламыздағы «Бекзат» спорт кешенін-де өтті. Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар ара-сындағы XVIII Халықаралық турнирге 2001-2002 жылғы 170-ке жуық спорт-шы 11 салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына об-лыс әкімінің орынбасары М.Отарбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Р.Тәңірбергенов, жеңімпаздың ата-анасы Сейілхан мен Сырлыкүл Саттархановтар және спорт майталмандары, ел мақтаныштары, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов пен Афины олимпиадасының жеңімпазы Бақтияр Артаев келіп, Бекзаттың спорттық мансабына тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттархан-ұлы: «Бұйырса, Түркістаннан Бекзаттың ізін жалғар олимпиада чемпиондары шығады» деген тілегін жеткізді.
Ал, Е.Ибраимов жас Бекзаттың спорттық өмірінің басталуын былай жеткізді: «1 қазан, 2000 жыл. Есікті біреу қақты. Ашып қарасам – Бекзат. «Ермахан аға, сіз бүгін финалда екенсіз ғой. Мен сіздің қызыл майкаңызды киіп шығайын деп едім» деді. Мен болсам, «ол саған үлкен болады» деймін. «Жоқ аға, мен оның арқасын байлап болсын шығамын» деп жеңістік бермеді. Теледидардан қарасаңыздар, шынында байлап алғанын байқайсыздар. «Не үшін оны алып жатырсың?» дегендегі жауабы: «Мен Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына арналған сайысқа қатысқалы жатырмын. Чемпион болғым келеді, чемпионның майкасымен шыққым келеді» дейді. «Мен әлі чемпион емеспін ғой» дегенімде «Ермахан аға, мен сенемін сіздің жеңімпаз болатыныңызға» деген оның ақжарма көңілінен шыққан сөзі мені де жігерлендірген еді, – деген сырлы естелікті еске алды.
Чемпионның жақындары оның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы, ерте келіп, кеш қайтатын әдеті – боксқа деген сүйіспеншілігін көрсететінін жеткізді.
Бес шет мемлекеттен, атап айтсақ, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбек-стан, Әзірбайжан және еліміздің өзге 17 өңірінен келген былғары қолғап шеберлері төрт күнге созылған ала-манда бақ сынады. Түркістан өңірінен қатысқан 16 жастың ішінен екі жерле-сіміз ақтық сынға жолдама алды. Нә-тижесінде, 56 келі салмақ дәрежесінде Асхат Тастанбек I орынды иеленіп, «Спорт шебері» атанды. Ал, 52 келіде Нұрбақыт Сайдын II орынды қанжығалап, облысымыздың атын тағы бір мәрте асқақтатты.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».




