КАПИТУЛЯЦИЯ

841 көрілім

Абдусамат Тайметов 1909 жылы Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1941-1943 жылдары аралығында авиация саласында еңбек етіп, шәкірттер тәрбиелеумен айналысқан. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Мәскеу түбіндегі 10-шы гвардиялық авиациялық дивизияның әскери базасында болған. Соғыс жылдарында 100-ден аса жауынгерлік тапсырмаларды орындап, қан майданын оқ-дәрі, азық-түлік, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз еткен.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және Польшаның «Virtuti Militari» ордендері, сондай-ақ бірнеше медальдармен марапатталған.

1945 жылдың 9 мамыры. 1418 күн мен түнге созылған адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс Кеңес халқының жеңісімен аяқталған күн. Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Осы жеңіске қалай жеттік, оның басты құжаттары қалай дайындалды, кімдер жазды – ол бір жеке әңгіме.

Сонымен 1945 жылғы сәуір айының соңғы күндері Берлинге жан-жақтан анталап келіп қалған жеңімпаз армияның бәрі емес, бірінші болып Г.К.Жуков басқарған майдангерлердің кіруіне жағдай жасалды. Сөйтіп, Берлинді алу, оның ішінде Рейхстагқа ту тігуде де саясат үстемдік етті. Мамыр айының алғашқы күндері Берлин күйреп, мәселе анық болғанымен қаланың әр жерінде бей-берекет атыс жүріп жатқан еді.

1945 жылғы 7 мамырда Берлиннің батыс жағындағы Реймс қаласындағы АҚШ әскерлерінің қолбасшысы Эйзенхауердің штабына Франциядағы кеңес әскери өкілдігінің бастығы генерал-майор И.А.Суслопаров шақыртылады. Мұнда, жеңісті мойындаған герман командованиесінен Кейтель бастаған генералдар мойынсұну актісіне қол қоюға өздері келген еді.

Сөйтіп 7 мамырда түн бойы Мәскеу Кремлінде мәжіліс болып, қол қою жайы талқыланады. Мәжіліс қорытындысымен Г.К.Жуковты Бас қолбасшының орынбасары етіп тағайындайды, тізе бүгу актісін қабылдап алуға рұқсат беріледі. Сол кездегі Кеңес Одағының Сыртқы істер министрі А.Я.Вышинскийді Г.К.Жуковтың орынбасары етіп тағайындап, тізе бүгу актісін жоғары деңгейде ұйымдастыру соған жүктеледі. Оларды таң атысымен Берлинге аттандыру мәселесі шешіледі.

Сталиннің тапсырмасымен сыртқы істер халық комиссариаты одақтастармен байланыс жасап, Реймстегі актіні «алдын ала жасалған акт» деп танып, негізгі заңды акт ертең 8 мамырда тек қана Берлинде жасалуы керек, неміс командованиесінің адамдары сонда келуі тиіс дейді. Сөйтіп одақтастардың жоғарғы дәрежелі өкілдері Берлинде жиналатын болып келісіледі. Ал сол күні Мәскеу түбіндегі әскери аэродромда ұшуға толық дайындықпен «Си-47» тұрады. Борттың командирі А.И.Семенков, ұшқышы жерлесіміз Абдусамат Тайметов еді. Ұшақ салонына әскерилер бір адамды қолтықтап әкеліп кіргізді. Ол – Кеңес Одағының Сыртқы істер министрі А.Я.Вышинский еді.

Ұшу бағыты – күнбатыс, курсы 260 градус. Борт командиріне берілген пакетті Польшаның әуе кеңістігіне жеткенде ғана ашуға рұқсат беріледі. Әрі қарай бағыт бірінші пакеттің ішіндегі келесі пакетте көрсетілген. Бұлар Польшаға жеткенде аспанға жасыл ракета атылып, жол ашық екендігі белгілі болды. Оларды истребительдер қорғап ұшып келеді. Арнаулы тапсырманы орындауға келе жатқан ұшақ Берлиннің «Темпельгоф» аэродромына қонады. Абдусамат Тайметовтің ұшағын мұнда генерал В.Д.Соколовский басқарған құрметті қарауыл қарсы алады. Экипаж ешқайда кетпеуі керек, оларға тамақ осында жеткізіліп беріледі.

Сол сәтте Реймстен одақтастар өкілдері мен немістер де келіп жетті. Неміс делегациясын генерал-фельдмаршал Кейтель басқарып, генерал- полковник Штумф, флот адмиралы Фридебург келді. Сөзсіз тізе бүгу актісіне арналған жиынға Берлиннің түбіндегі Карлсхорстегі әскери училище ғимараты дайындалған екен. Делегация құрамында Кеңес Одағы жағынан – Г.К.Жуков, А.Я.Вышинский, В.Д.Соколовский, К.Ф.Телегин болды. Англия жағынан – авиация маршалы Артур В.Теддер, АҚШ-тан стратегиялық әуе күштері қолбасшысы, генерал Спатс, Франция жағынан – бас қолбасшы, генерал Делатр де Тассиньи қатысады.

Сол 1945 жылы 8 мамырда сағат 24:00-де Кеңес Одағының делегациясы Карлсхорске жиналады. Ал, уақыт 9 мамырға ауған 0 сағат 2 минутта Маршал Г.К.Жуков мәжілісті ашық деп жариялайды. Араға 1 минут салып Г.К.Жуков неміс қолбасшыларын залға кіргізуге бұйрық береді. Кіріп келе жатқан Кейтель қолындағы фельд-маршалдық таяқшасын шошаңдатқаны отырғандарға, зал толы баспасөз өкілдеріне күлкі туғызғандай әсер қалдырды. 0 сағат, 10 минут өткенде Кейтель неміс делегациясының қол қоюға дайын екендігін хабарлап, жан қалтасынан қаламсабын алып, актіні алдына әкеледі деп күткендей сыңай танытты. Сол сәтте Г.К.Жуков: «Сөзсіз тізе бүгу актісіне қолды мұнда келіп қоясыңдар», -деп оң жақтағы кішкене аласа үстелді нұсқады. Амал жоқ, Кейтель созалаңдап барып, оның айтқанын орындайды. Немис-фашист армиясының күйреп, сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қояды. 0 сағат, 45 минутта Г.К.Жуков отырғандарды капитуляцияның аяқталуымен құттықтап, ресми түрде жариялайды. 9 мамыр күні таңертеңгі сағат 9-да «Си-47» ұшағы барлық құжаттарды Мәскеу Кремліне жеткізді.

Ендеше Ұлы Жеңістің тарихы құжаттарын арқалаған ұшақтағы аса жауапты рейсті орындаған жерлесіміз, Шорнақ ауылының тумасы түркістандық жауынгер-ұшқыш Абдусамат Тайметов екендігі баршамызда мақтаныш сезімін оятады. Соғыс жылдары қан майданында ерлік танытқан ардагерлерімізді әрқашан мақтан тұтамыз, олардың ерлігі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Ниятулла МУРШАЕВ,

«Шорнақ» жалпы орта мектебінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы