Ақпан айының соңғы жартысында Түркістан қаласы, «Жабағалы көшесіндегі» мәлім бір үйдің терезесінен кірген белгісіз азаматтардың қымбат тұрмыстық заттарын, алтын бұйымдары мен ақшасын ұрлап кеткені туралы ақпарат тараған болатын.
Оқиға барысын толығымен тарқатып айтатын болсақ, ақпан айының аласұрған бір күні Түркістан қалалық полиция басқармасына Төлеген Қонақбаев есімді азамат арызданып келеді. Жергілікті тұрғынның айтуынша, үйіне келсе, терезелер ашық, үйдегі құнды заттардың барлығы жоқ болып шыққан. Жоғалған заттарының қатарында алтын комплект сырға, жүзік және алтын жүзігі болған. Ол аз дегендей 1.4 млн теңгені де қолды еткен. Олжаға қарық болған ұрылар із-қайым жоқ болған.
Орын алған оқиғаның жайын саралаған Түркістан ҚПБ-ның жергілікті полиция қызметінің мамандары қылмыстың бетін ашуға жедел атқа қонады. Күдіктілерді тауып, ұрланған заттарды кері қайтарып берудің қамына кірісіп, заңдық нормаларға сәйкес қылмыстық іс қозғайды. Қолға алынған жедел іздестіру шараларының арқасында аталған қылмысты жасағандардың 32 жастағы Т.Р мен 26 жастағы Б.С (аттары өзгертіліп алынды) екені анықталып, басқармаға жеткізіледі.
Өмір сүрудің өте оңай жолын табуды мақсат етіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмек болған Т.Р мен Б.С секілді екі азаматқа алдымен күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды және заң баптарына сай қамауға алынды. Соңынан аталған шараны Түркістан қалалық мамандандырылған соты мамыр айының алғашқы күндеріне дейін ұзартты. Қазіргі таңда күдікті тұлғалардың шаһар аумағындағы пәтер ұрлықтарына қатысы бар екендігі тексерілуде. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Аз күнде пәтер ұрылары тиісті жазасын алып, зардап шегуші өз дүниелерін қайтарып алатын болады. Оған сеніміміз кәміл. Себебі бұл іспен халық мүддесін қорғайтын адалдық иелері айналысып жатыр.
Біздің білуімізше бұл сан мың оқиғаның біреуі ғана. Ата дәстүр бойынша бойға ана сүтімен сіңген «ұрлық түбі – қорлық» деген тәлім-тәрбие бар. Қала халқының қауіпсіздігі үшін игілікті жұмыстар атқарып жатқан полицейлердің еңбегі ерекше. Бар болғаны олар қалада орын алып жатқан небір қылмыстың бетін ашып жатыр. Тіпті болдырмаудың алдын алып жатыр.
Үмітбек БАҒДАТ.