Адамның көптеген көзқарасы мен ұстанымы отбасында тәрбиеленеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің негізгі мақсаты- қоғамдық келісімді нығайту. Сонымен қатар, отбасындағы құндылықтарды насихаттау. Бүгінде кеңес мүшелері қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді,- дейді Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова.
– Атауы ана атымен байланысты болған соң Аналар кеңесі деген құрылымдардың ісі де игі екеніне күмән жоқ. Жалпы Аналар кеңесі туралы айтып берсеңіз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Негізінен, оның құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында сөйлеген сөзі.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Осы мақсатта елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Елбасының Қоғамдық келісім кеңестерін құру жөніндегі тапсырмасы сол ұйымдардың Аналар кеңесі деген атаумен қоғамдық бірлестік ретінде рәсімделуі үшін негіз болды деп ойлаймын.
– Бұл Кеңеске кімдер мүше болып кіре алады? Оған мүше болуға әйелдердің ықыласы қандай?
– Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Негізінен қоғамдық жұмыстарға белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар көбірек атсалысады ғой. Мұнда да солай деп ойлаймын. Қазіргі құрамын зерделеп отырсақ, көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар көптеп саналады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді. Бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады.
– Әр ұйымның өзіндік мақсаттары, алдарына қойған міндеттері болады. Аналар кеңесінің көздеген мақсаты қандай?
– Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Шынымен де солай, отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас деп ойлаймын: ең басты мәселе – жас ұрпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Бұл – үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.
Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды.
– Мақсат қаншалықты деңгейде орындалып келеді?
– Облыс басшылары бізге қоғамдық мәселелерді қырағылыққа салып, алдын-алып, жақсы жұмыс нәтижесін көрсетеді деп сенім білдіріп, барынша қолдау беріп отыр. Бұл бізге үлкен серпін беретін қошемет десем артықтық болмас. Біз әжелер және әйелдер алқасымен де тығыз байланыстамыз. Қандай да бір іс-шара, жиын болмасын қатар жүріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттарын жүзеге асыруға қызмет жасап келеміз. Мақсатымыз орындалып, жоспарларымыз ақырындап жүзеге асып келеді. Бұл біздің тындырымды еңбегіміз бен сенімді ақтаудағы ынтамыздың жоғары екендігінің дәлелі болса керек-ті. Осы уақытқа дейін қоғам мүшелерімен қоса біршама іс-шаралар өткізіп, көпбалалы, мұқтаж аналармен бірге жұмыс жасап, олардың қамкөңілдеріне қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеміз.
Тұлымшағы желбіреп, қыр гүлін теріп, әдемілікке құштар болып өсіп келе жатқан аруларымыздың тәрбиесі, олардың болашағы жайлы сөз ететін де жиындар болды. Отбасын жоспарлау тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткізіп, жас қыз-жігіттерге өмірлік тәжірибемізден өсиет айтып, ақыл-кеңес бердік. Шараны өткізудегі басты мақсатымыз – болашақта құрылатын отбасына титтей де көмегіміз тисін дегеніміз ғой. Осы орайда кеңес мүшелерінің өмірлік, кәсіптік, отбасылық тәжірибелері орасан зор септігін тигізеді. Сонымен қатар, қиын жағдайда отырған отбасыларды аралап, психологиялық, құқықтық консультациялар беріп өттік. Әйел баласы өмірдің кез-келген қиындығын жеңіп, төзе білетініне сенімім мол. Сол үшін де болар, қазақта «әйелдің қырық жаны бар» деген сөз қалған. Біздер төзу үшін, көну үшін, бала үшін жаралған жан екенімізді ұмытпағанымыз абзал.
– Ана жүрегі қашанда жомарттыққа, жылулыққа, жақсылық жасауға асық болып тұрады ғой. Қоғамда көмекті қажет ететін жандар көп. Соларға сіздер тарапынан қайырымдылық жасалып тұрады ма?
– Әрине, өмір болған соң, сынағы қатар жүруі шарт қой. Ондай жандардың бары жанымызды ауыртса да, амалымыз жоқ. Оларға тек көмек көрсету ғана қолымыздан келетіні. Сол себепті Аналар кеңесі ондай жандарға қаржылай да, психологиялық тұрғыдан да көмектер беріп тұрады. Ол біздің мақсатымыздың бастылары деп білемін. Өзімізден бөлек, басқа да қалталы, кәсіпкер, іскер аналарды да осындай шараға атсалысуға бағыттап, ортамызға қосуға тартып жүреміз.
– Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Көп жұмыстар тоқтап тұр. Аналар мұндай жағдайда не істеп жатыр?
– Елде төтенше жағдайдың енгізілуі – бұл бұрын-соңды болмаған жағдай, бүкіл халық үшін үлкен сынақ. Мемлекет басшысынан бастап барлық мемлекеттік органдар қазір төтенше режимде жұмыс істеп, бұл індеттен барынша аз шығынмен шығу үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Енді бәрі де әр адамның саналылығына, өзімізді қалай ұстайтынымызға, тиісті нұсқаулықтарды орындауымызға, карантин кезінде тәртіп сақтауымызға байланысты.
Алғашқыда адамдардың сасқалақтап, абыржып қалғаны рас. Дәріханаларда маскалар жоқ деп, ашу шақырғандар да болды. Міне, осы кезде біздің белсенділеріміз, облыстық аналар кеңесінің мүшелері жергілікті телеарналар арқылы сөйлеп, әлеуметтік желілерде посттар жазып, сабырға шақырды. Облыс көлемінде кеңес мүшелеріміз қолдан бетперде тігіп, «Біз біргеміз!» акциясы аясында өздері тұратын аймақтың тұрғындарына тегін таратты. Алдағы уақытта да тарқататын болады.
– Аналар кеңесінің алдағы уақыттарға қандай жоспарлары бар?
– Ұлт тәрбиесі, жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, патриотизм тақырыптары аясында атқарылады деп табылған бастамалар жеткілікті. Арнайы кездесулер, семинар-тренигтер, конференция-жиындар өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Барлығы дерлік осы кеңестің мақсатымен ұштаса өтеді. Аналармен, арулармен бірігіп ұйымдастырамыз деген ойдамын. Атқарып отырған қызметіміздің жауапты әрі сауапты екенін ескеріп, тыңғылықты түрде жоспарды орындауға кірісеміз. Ақ жаулықты аналарымыздың өнегесін, үлгісін танытсақ деген ойымыз бар. Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі екенін ескеріп, болашақты жасауда үлкен еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңыз оңынан болсын.
Сұхбаттасқан: Ләззат САРЫБАЕВА.