Келдің бе еркем мамыр – ерке айым,
Төрлей, кең өлкеме көркем – айдың.
Шаттықтың өзің шашқан шұғыласынан,
Өмірім өрге тартып өркен жайдым.
Сен менің көкейдегі ынтық әнім,
Көркіңе көзім тоймай ынтығамын.
Табиғат өзі туған Ұлы ақынсың,
Жырлаған жер – Жаһанның ынтымағын.
Құттықтап құстар ұшып шартараптан,
Сәбилер сүйіншіге шар таратқан.
Ел-сел боп елжіреп тұр күннің көзі,
Көз ал алмай төрімдегі Салтанаттан.
Құлпырып қуаныштың аралында,
Айналдың бейбітшілік парадына.
Жас толқын кеудесімен жар соғардай,
Қол бұлғап қарт жағаға барады ма?
Алаңға сыймай аққан жалау жүзіп,
Лақтырам көкірегімнен алау үзіп.
Жойылсын әділетсіздік, зомбы-зорлық,
Жойылсын жер бетінен алауыздық!
Арғымақ жазсын бауырың кең көсіліп,
Қызғанып жасамаңдар пендешілік.
Мерт қылған Құлагерді Батыраштың,
Иттігі кетсін қара жерге сіңіп!
Жүр едің жүрегімнің бір ұшында-ай!
Шалқытып жан-дүнием мен ырысымды-ай,
Балқытып күнің өзін келгеніңде,
Шыдайын қалай саған жыр ұсынбай!
Нұрмахан НАЗАРОВ,
ақын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.