Қаламыздағы О.Жарылқапов атындағы стадионда «Жастар жылына» орай 2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі аяқталды. Екі күн бойы жасыл алаңда бар шеберліктерін паш еткен облысымыздың аудандары мен қалаларынан келген 8 команда 2 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Облыс біріншілігі ойындарын арнайы келіп тамашалаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы П.Қырықбаев пен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбековтер жас футболшыларға еліміздің даңқын асыратын мықты футболшылар болуларына тілек білдірді. Сондай-ақ, қаламызда 12 мың көрерменге лайықталып салынып жатқан жаңа стадионда алдағы жылдары облыс намысын қорғайтын команда сапында Сіз сияқты болашағынан зор үміт күттіретін аяқ доп шеберлері ойнамасқа кім кепіл деп жастарға күш-жігер беріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Облыс біріншілігіне жақсы дайындығымен келген Түркістан, Түлкібас, Арыс, Отырар командалары жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, жартылай ақтық сында түркістандық аяқдопшылар алаң қожайындары екендігін дәлелдеп Түлкібас ауданынан келген футболшыларды 2-0 есебімен тізе бүктіріп ақтық сынға жолдама алса, Арыстан келген жастар отырарлықтарды 3-0 есебімен ұтты. Осылайша ақтық сында арыстықтармен жолы түйіскен жерлестеріміз тартысты өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, облыс біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Р.ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».
