Рамазан – Жаратушының мұсылман қауымына тартқан теңдессіз ұлық сыйы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы.
Иісі мұсылман үшін қасиетті саналатын осы айда адам баласы жақсылық жасап жарысады. Мұқтажға жасаған жақсылығы мен ұстаған оразасының сауабын тек Алла Тағала ғана береді екен.
Оразаның алғашқы күндерінде шардаралық қолы ашық кәсіпкер Нимәділлә Абдуллаев көпке үлгі боларлық іс жасады. Бұған дейін де қаладағы қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтын азамат әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы 21 отбасыларға зекетін қоймен таратты. Әр отбасыға шамамен 30-35 келі ет беретін 21 қой берді.
«Нимәділлә Абдуллаев – тек қаладағы ғана емес Шардара ауданы аумағындағы табысты кәсіпкерлердің бірі. Қай кезде болса да қайырымдылық шараларынан шет қалмайды. Қазіргі елдегі төтенше жағдайға байланысты мұқтаж отбасыларға қой үлестіріп, көмек беріп жатыр. Шынайы алғысымызды айтамыз»,-дейді Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет.
Айта кетейік, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген кәсіпкер мал шаруашылығымен қатар диқаншылық пен сауда-саттықтың да көзін тауып, бірқатар азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бауыржан НАМАНОВ.
