Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев төтенше жағдайға байланысты «Бірге» қорын құрып, еліміздегі жаны жайсаң, жомарт жандарды қайырымдылыққа шақырып, сын сағаттарында елмен бірге болуды үндеген болатын.
Қауіпті індеттің алдын алу жолында халқымен бірге болып перзенттік пейілдерімен, қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымдылық қасиеттерін Түркістан облысы, Отырар ауданының жаны жомарт жандары – Серікжан Сейітжанұлы, Ләззат Келдебекқызы қаржылай көмектерімен көрсеткен болатын.
Жақында Отырар ауданы, Темір ауылының тумасы, жекекәсіпкер Бауыржан Қаныбеков те «Нұр Отан» партиясы «Темір» БПҰ-ның бастамасына қолдау көрсетіп, ауылдағы тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына құны 650 мың теңгеге ұн таратып, қасиетті Рамазан айында игі істің басынан табылды.
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі», деген қазақ нақылы Бауыржан Әзімханұлына арнап айтылғандай. Озық ойлы өркениеттің ордасы саналып, жүректеріне иман мен мейірім-шапағат ұялаған іңкәр өлкеде Бауыржандай алтынның сынығына ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ.
Ләззат САРЫБАЕВА.
