АЛАҢДАУШЫЛЫҚТЫ САБЫРҒА АЙНАЛДЫРҒАН ҮНДЕУ

695 көрілім

Әлем жұрты күресіп жатқан аты жаман індетке біздің елде қарсы шараларды жасап жатыр. Күрестің бір ғана мақсаты бар екені белгілі. Ол – түбі жеңіске жету. Біздің бар арманымыз – осы бір өтпелі кезеңнен жол тауып, еліміздің бірлігін көрсету. Анығын айтсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жарияланған Төтенше жағдай режиміне байланысты мәлімдемесі зор күш бергендей болды.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін ұлттық болмыс үшін осы бір қиын сәтте бір-бірімізді жігерлендіріп дем бергеніміз, қолдағанымыз, бірлікте болып бірге күрескеніміз жақсы амал. Бұл ойды Президент мәлімдемесінен терең түйсініп, байыпты ұғына аламыз. Былайша айтқанда, төтенше жағдай кезеңі 11 мамырға дейін ұзартылды. Осы бағытта азаматтардың денсаулығы басты назарда ұсталатындығы, экономикалық және әлеуметтік салалардың да маңыздылығы сөз болды. Сөз жүзінде ғана емес, нақты тапсырмалар берілді десек болады. Халықтың кей топтары үшін әр салаға бағытталған көмектер нақтылы көрсетіліп келсе, кейбір көмек түрлері тез арада жүзеге асады.

Атап айтар болсақ, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде көрсетіліп келген 42500 теңге көмектің келесі айда да берілетінін атап өтті. Алдыңғы шепте күресіп жатқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғысын жеткізді. Халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымының еңбектері ерекше екенін де атап өтті.

Атаулы мәлімдеменің айтар ойы арыдан екені, берер бағыты мен нұсқар жолы өзгеше екені ойлы халық үшін жеткілікті болды. Енді қалай болар екен дейтін алаңдаушылықты сабырға айналдырып, әркім өзіне жауапты болатындай дағды қалыптастырып, бекем болу ауадай қажет.

Вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отыруға халық болып атсалысу, төтенше жағдай талаптарын сақтау маңызды. Қолдан келер қайыр қиын мезгілден шығар жолға күн өткен сайын жақындау. Ол үшін «Береке басы – бірлікте» деген Президент ұранының астына жиналып, жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз үндеуіне сенім білдіру және қолдау өте қажетті. «Озған елдің баласы бірін-бірі батыр дер», – демекші, ел халқы біргеміз, бірлікте бұл күндерді артқа тастайтын боламыз, көрінген таудың алыстығы жоқ дегім келеді.

Батырхан САНСЫЗБАЕВ,
Түркістан қалалық ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы