ҚАН МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

1  470 көрілім

Өткен ғасырдың басында, яғни 1924 жылдың 25 маусым күні Түркістан қаласы маңындағы Теке ауылында Есет атамыз бен Хадиша анамыздың отбасында үш қыздан кейін ұл перзент дүниеге келеді. Оның атын Расул деп қояды.

Расул Есетов қаладағы М.И.Калинин (қазіргі Хамза) атындағы мектепте білім алған. Небәрі 9 жасында асқар тау әкесінен айырылып, жетімдік тауқыметін бастан кешірген бозбала 1942 жылы өз еркімен сұрапыл соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанған. Алдымен Ашхабадтағы әскери училищеден даярлықтан өтіп, аға сержант шенін алған. Алғашында 1-ші, кейін 4-ші Украин майданында 138-атқыштар дивизиясының құрамына алынған қазақтың қайсар ұлы қан майданда батырлығымен көзге түсе бастады.

Қатарында Р.Есетов бар рота шабуылды ұрыста 1944 жылдың қазан айының бас кезінде дұшпанды аты жоқ биіктіктегі позициясынан қуып шығуға бұйрық алды. Рота алуға тиісті болған биіктік ДОТ-тармен, ДЗОТ-тармен, траншеялармен, миналармен және электр сымы жүргізілген сым қоршауымен мықтап нығайтылған болатын. Жау пулеметінен оқ атқылап, рота жауынгерлерін бас көтертпеді. Осы сәтте Расул жауып тұрған оқтың астымен еңбектеп жетті де, танкіге қарсы қолданылатын гранатамен жау пулеметінің үнін өшірді. Ол ДОТ-қа жеткен соң оның түтін шығатын мұржасына граната лақтырды. Мұнда 9 жау солдаты тұтқынға алынса, екінші бір ДОТ-тан әлгіндегідей әдісін қолданып, дұшпанның 24 солдатын тағы да тұтқынға алды.

1944 жылғы 11 қазанда Р.Есетовтың бөлімшесі жау бекінісіне басып кіріп, осы ұрыста жаудың 50 солдаты мен офицерін өлтіріп, 37 миллиметрлік зеңбірегін, екі станокты пулеметін, танкіге қарсы ататын екі мылтығын, бір огнометін, 40 винтовкасы мен оқ-дәрі қоймасын қолға түсірді.

Расул Есетовке осы және тағы басқа бірнеше рет жасаған ерліктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Нәтижесінде ержүрек Есетовке 1945 жылы 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысу бақыты бұйырды.

1980 жылы Р.Есетовке Закарпатьеден хат келді. Онда Ясинья поселкелік кеңесі оны Жеңістің 35 жылдығы күндері Ясиньяға мейман болып кетуге шақырған. Оған қарулас серігі түркістандық Сүлеймен Абдрахманов және өзінің әйелі Мастура апайды ертіп барады. Осы сапары кезінде Расул Есетовке «Ясинья поселкесінің құрметті азаматы» атағы беріліп, батырға үлкен құрмет-қошемет көрсетілді. Кейін В.С.Молдавчук басқарған қызыл ізшілер Түркістанға келді, қаламызбен танысты, батыр оқыған Калинин атындағы мектепте болды.

Расул Есетов 2005 жылы Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 60 жылдығы мерекесіне арналған салтанатты шерудің де құрметті қонағы болды. Осы жылы Украина Жоғары Радасы басшысы Владимир Литвин қол қойған құттықтау хаты келді. Хатта «Біз Украинаны неміс-фашист басқыншыларынан азат еткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған жауынгер-ардагер – тікелей өзіңізге шынайы да ыстық ілтипатымызды білдіреміз. Сіз атақ-даңқ іздеген жоқсыз. Ол Сізді іздеп тапты, өйткені Сіз жауды жеңу үшін күшіңізді де, денсаулығыңызды да, адам үшін ең қымбат – өміріңізді де аямадыңыз» деген шынайы ізгі тілек жазылған.

2015 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы бойынша Түркістан қаласындағы №20 жалпы орта мектепке Расул атамыздың есімі берілді.

2018 жылдың 8 мамыр күні Түркістан қаласында Кеңес Одағының батыры Расул Есетовтің рухына тағзым жасалды. Қаламыздағы Расул Есетов атындағы №20 мектепте батырдың ұлы Алымжан Есетовтың тікелей бастамасымен ескерткіштің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО бойынша 11600 ден астам жауынгер ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, соның 500-ге жуығы қазақстандықтар. Ал, осы 500-ге жуық батырдың бірі түркістандық Расул Есетов болды. Соғыстағы ерліктері үшін Р.Есетовтің кеудесіне Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медальдары тағылса, Кеңес Одағының көптеген медальдары және ордендері қан майдандағы қаһармандығы деп білеміз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан «ГАЗ-31» жеңіл автокөлігінің кілтін алу бақыты бұйырды. Түркістандық батыр бейбіт өмірде зейнет демалысына шыққанша абыройлы қызмет етті. Жұбайы Мастура Ходжамқызымен Атажан, Мархаба, Саламат, Алимжан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бұл әулет тамырын тереңге жайған елге сыйлы, өнегелі отбасылардың бірі. Түркі жұртының түп мекені, қасиетті де көне шаһар Түркістан топырағынан шыққан Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 2009 жылы өмірден озды.

Соғыс қашанда адамзат баласына қасірет пен қайғы, орны толмас өкініш қана алып келеді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ бейбіт өміріміздің қадірін бағалай білуі керек. Әсіресе, түркістандық Кеңес Одағының батыры Расул атамыздың жүріп өткен өмір жолы мен елі үшін жасаған ерлігі баршамызға үлгі, өнеге деп айтуға болады.

P.S. Расул Есетов жайлы мақала әзірлеп жатқанда батыр атамыздың 2004 жылы Қарағанды облысы «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болғандығы туралы мәліметке ие болдық. Ия, ерлігі ерен Расул атамыздың атақ-даңқы жерлестерінің көңілінде мақтаныш сезімін оятатыны шүбәсіз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы