- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Елді есеңгіретіп, халықты қиын жағдайға қалдырған пандемияны көп ұзамай жеңеміз деген жақсы сенім бар. Бұл ретте біздің бірігіп, жұдырықтай жұмылуымыз – қайырымды халқымызға тән қасиет.
«Біз біргеміз!» деп ұрандатқан топтың бірі – Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты «Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттың» ұжымы. Бұл білім шаңырағы осы мектепте тәрбиеленіп жатқан бір отбасының үш баласына қайырымдылық көрсетіп, жомарттық танытты.
Арнат пен Ернат егіздер. Олар Айгүл Тілепова басқаратын мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері. Осы кезге дейін егіздер әжесі, әкесі және қарындастарымен төбесі құлайын деп тұрған үйде өмір сүріп келген. Әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген бұл отбасының жай-күйіне Айгүл Өтегенқызы бей-жай қарамай, ұжым болып, көмек көрсетуге ниет білдіріп, бірауыздан жәрдем беруге бекінген.
Ұсынысты жедел қуаттаған ұжым құрылыс заттары мен үйге қажетті төсеніш пен көрпе-жастықтарын алып, төрт бөлмелі үйді жөндеуге кіріседі. Алдымен төбесін ауыстырып, қабырғаларын сылап, бүгінгі заманға сай үлгімен әрлейді. Мектеп-интернаттың қызметкерлері құрылыс жұмысымен шектеліп қалмай, осы отбасын азық-түлікпен қамтып, қолдан келген көмектерін көрсетті.
Бүгінде осы үйдің үш бірдей балалары аталған мектеп-интернатта білім алып, жатын орын мен 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.
«Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының «Мейірім шуағы» атты бастауыш партия ұйымының жоспары аясында жүзеге асқан ілкімді істі ұйым төрайымы – Айгүл Тілепова: «Бұл бастама ұжымдағы әріптестерімді қанаттандырып, педагогтар қауымы қашанда қайырымдылық жұмыстарына немқұрайлық танытпайтынын байқатты»,- дейді.
Берекелі де, мерекелі қасиетті Рамазан айы қарсаңында қолға алынған бұл сауапты бастама өзгелерге үлгі болса, ғанибет емес пе?!
Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ.