- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ
Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу дегенді білдіреді. Рамазан айы биыл 30 күн болады. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.
Алла былай дейді: «Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді». Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі».
ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАСЫ
Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазар-тып, басқаларға жамандық жасаудан сақтайды. Ораза бізге жақсы мінез-құлық қалыптастырып, тіпті періште сияқты халге жеткізе-ді. Ораза көзді харамға қараудан, тілді жалған және жаман сөздер-ді айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәрселер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды.
Оразаның парыз болуының хикметі – мұсылманның Алла алдындағы ғибадат міндеттерін орындау және жамандықтардан сақтану. Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірім-шапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі. Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Бұл сезім адамға қолындағы дәулет, нығметтердің қадірін біліп, оны берген Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйретеді.

Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады». Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі ас қорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған. Нобель сыйлығының иегері Француз ғалымы, доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді:
«Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы».
Оразаның парыз болуының шарттары мыналар: 1) Мұсылман болу; 2) Ақыл-есі дұрыс болу; 3) Балиғатқа жеткен болу. Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян келтірмейтіндей түрде балаларды бірте-бірте оразаға үйреткен абзал.
СӘРЕСІ МЕН АУЫЗАШАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Сәресіге тұрып, тамақ жеу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сәресінде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында береке бар» деген. Сәресі ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып, дұға етіп, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек. Оразасын ұстап, ауызашар уақытына жеткен адам үлкен бақытқа және қуанышқа кенеледі. Қиямет күні ұстаған оразасының сыйын алу үшін Алланың алдына барған кезде одан да үлкен қуанышқа қол жеткізеді. Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ораза ұстаған адам үшін екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан кез, екіншісі – Аллаға қауышқан кез» дейді. Бұған қоса, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауызашар уақытындағы дұғалардың кері қайтарылмайтынын, Алла тарапынан қабыл болатынын айтқан.
Muftyat.kz