Тұтас адамзат қоғамы болып аты жаман індетпен күресіп жатқан осы бір қиын сәтте еліміз халқы да бірлігін көрсетіп жатыр. Былайша айтқанда еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін барын салуда. Сөзіміздің шындығы үшін айтар мысал көп. Алысты сөз етпей-ақ, жақыннан айтайық.
Түркістан шаһарындғы асыл әжелердің бірі, ұлттық дәстүрдің жанашыры болған 81 жастағы Ырыс Ташметованың өнегелі ісін айтпақпыз. Біреулер үшін тым үлкен дүние болмаса керек, бірақ қарапайым зейнет жасындағы адам үшін ұлағатты дүние. Оқиғаны тарқатып айтайық, төтенше жағдай жарияланғаннан бері мата-жіптерін жинап, бетперде тіге бастаған. Ең алғашында қалалық мәслихат депутаты С.Арыстанов керекті матасын алып берген. Одан кейінгі кезекте зейнетақысына қажетті материалдарды сатып алып жұмысын жалғастырған.
«Біз небір тарғалаң тағдырды көрген адамдармыз. Балалық шағым соғыс жылдарына тура келді. Өмір жолым қиындықтарға толы болды. Дейтұрғанмен бәрін жеңіп бүгінге жеттік. Ел басына күн туып жатқан осындай алмағайып сәтте отыра алмадым. Жасым келді маған беріңдер дегеннен гөрі қолдан келер қайыр болса соны жасауға ниеттеніп тезден жұмысқа кірісіп кеттім. Осындайда бір-бірімізге жанашырлық танытпағанда қашан танытамыз», – деп ағынан жарылды Ырыс әже.
Бүгінге дейін 400-ге жуық бетперде тігіп, алдыңғы бөліктерін көршілерге, тұрғындарға таратып берген. Енді қалған бөліктерін мешіттерге, перзентханаларға және басқада жерлерге таратып беруді көздеп отыр.
Айта кетейік, әжей біліктілігі мен іскерлігін таныта отырып, саналы ғұмырының 33 жылында есеп-қисап саласында тер төккен. Сонымен қатар қала аумағындағы қоғамдық істерге белсене атсалысып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде жұртқа таныс. Қашан да ағаш бесіктен жер бесікке дейінгі салт- дәстүрімізді ұрпақтар жадына сіңдіру үшін үлес қосып келеді. Бүгінде 2 ұлы мен 4 қызынан 26 немере тәрбиелеп, олардан 42 шөбере сүйіп отырған текті әулеттің тірегі. Тәлімі болашақ көкжиегіне жалғаса берер асыл ана.
Үмітбек БАҒДАТ.
