ЖАҚСЫДАН ҚАЛҒАН ІЗ

539 көрілім

Ахмет Ясауи университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, оқу орнын 2003-2007 жылдарында ректор қызметін атқарған ардақты ұстаз Серік Пірәлиев атындағы конференция залының ашылу салтанаты өтті.

Саналы ғұмырын білім жолына арнаған қайраткердің құрметіне аталған конференция залының ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және өзге де Түркістан облысының ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Шымкентегі іргелі ЖОО-ның ректорлары, университет ұжымы, Серік Жайлауұлының отбасы және туған туыстары қатысты.

Жиында сөз бастаған университет ректоры басқосуға арнайы алыс-жақыннан келген барша қонаққа алғыс білдірді.

«Бүгін біз тарихи тұлға, өз елінің адал да ардақты азаматы, университетіміз бен Қазақстандағы басқа да іргелі оқу орындарының басшысы болған – Серік Жайлауұлы үшін бас қостық. Осында жиналған қай қайсысы болса да, Серік Жайлауұлы қандай азамат еді деп сұраса, кемі бір сағат, тіпті күні бойы баяндауға әзір. Себебі, ол кісінің елге деген жанашырлығы, еңбегі осында баршаның басын қосып отыр. Аталмыш конференция залы ұлағатты ұстаз рухына тағзым шараларының бастауы болмақшы. Бұл залда келелі кеңестер мен тағылымдық дәрістер ұйымдастырылып, жас ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етеді», – деді.

Келесі кезекте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев игі іске мұрындық болған университет басшылығы мен ұжымына облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан алғыс білдірді.

«Қазақ ғылымына елеулі үлес қосып, білім саласында басшылық лауазымды абыройлы атқарған Серік Пірәлиевтің Түркістан үшін де сіңірген еңбегі мол. Түркістанның рухани жауһары, мақтанышына айналған Ясауи университетіне басшылық жасап, оқу орынның халықаралық деңгейдегі беделінің арта түсуіне айрықша еңбек етті»,-деді.

Басқосуда жиналған қауым Серік Пірәлиевтің елдің ғылым-білімі дамуы жолында жасаған еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерін айтып, еске алды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да Серік Жайлауұлының жастарға, өзіне көрсеткен ұстаздық қолдауымен, ортақ естеліктерімен бөлісті.

Университетіміздің ректор өкілі Пеями Баттал: «Осы жиынның алдында Серік Пірәлиев туралы біраз ақпараттармен танысып шықтым. Ол университетіміз ең қиын-қыстау уақытты бастан кешіріп жатқан тұсында басшылық еткен екен. Соған қарамастан қиындықтарды еңсерген, білім беру процесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан екен. Сол уақыттың өзінде біз айтып жүретін университет миссияларын орындаған азамат. Мемлекетке қажет маман даярлау, сапалы білім беру, біліммен қоса тәрбие беру миссияларына үлкен мән берген»,-дей келе, академиктің атқарған тың істерін атап өтті. Академикті ұлықтау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Серік Жайлауұлының Құлбек Ергөбек бастаған бір топ әріптестері мен шәкірттері де тұлғаның ерен еңбектерін, жылы естеліктерін айтты. Осылайша басқосуда профессор, академик Серік Пірәлиевтің жақсы аты аталып, рухына тағзым етілді.

Басқосу соңында Серік Пірәлиевтің асыл жары София Арғынқызы өзінің және ұл-қыздарының атынан жиналған көпшілік пен оқу орда басшылығына ризашылығын білдірді. Ал София Арғынқызына университет атынан арнайы сый-сияпаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Біз жиынға келген бірқатар тұлғалардың лебізін тыңдаған едік.

Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы:

– «Тәрбиесіз берілген білім пайдасыз» деген, Әл-Фараби бабамыздан қалған бір тамаша сөз бар. Бүгінгі таңда қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу, шүкір сауаттымыз. Десек те, тәрбие мәселесінде біраз ақаулы тұстарымыз баршылық. Тәрбие мәселесі өте нәзік те, көпқырлы дүние екен. Орыстың географ ғалымы П.Семенов-Тянь-Шанскийдің бір кітабын оқып шықтым. Сонда автор: «Қазақтарды көп оқытудың қажеті жоқ. Оларда ғажап салт-дәстүр, далалық мәдениет бар» дейді. Расында біздің заңға бергісіз берік , ғажап салт-санамыз, дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз бар еді. Бүгінде сол құндылықтардан ажырап, дәстүрімізден айрылдық, тілімізден айрылып алшақтап барамыз, осыған аздап қынжыламыз. Бұның түп-тамырын кешегі кеңестік отарлау жүйесінен көреміз. Екіншіден, отарлық жүйе салт-санамызға дендеп еніп, араққа (спиртті ішімдікке) бой алдырдық. Өзім басқаратын қоғамдық ұйым осы ішімдікке қарсы күресті табанды түрде жүргізіп келеді. Киелі Түркістан халқы атына лайық, иманды, парасатты қалаға айналуы керек. Тәрбие мәселесінде университет ғалымдары терең мұхит, айдынды дария деп елестетемін. «Дарияның қасынан құдық қазбақ жоқ» дейді қазақ. Десе де, аздап тәрбие мәселесіне алаңдап, атсалысып жатқан жайымыз бар. Түркістанды той-жиын ішімдіксіз өтуі керек. Түркістанды шын мәнінде, атына сай рухани қалаға айналдыру парызымыз деп білемін.

… Иә, бізді Серік Пірәлиевпен тоғыстырған осы жастардың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, елдік мәселелер еді. Серік Жайлауұлы мені туған ағам деп санаймын деуші еді, екеуміз бауырдай етене араласып, сыйластық. Мен де одан ағалық ақыл-кеңесімді аямай, хал-қадерімізше қолдау білдіріп, қоян-қолтық жұмыс жасадық. Серік Пірәлиев елге болсын, халыққа пайдам тисін, Түркістанды қалай көтереміз, осы елді қайтсек көркейтеміз деп жарғақ құлағы жастық көрмей, шапқылаумен жүретін. Ел-жұртқа жаны ашитын еді, жан-жүрегімен беріліп жұмыс істейтін. Абай айтқан. «Пайда ойлама, Арды ойла» қағидасамен жұмыс істеп, өз ортасына абройлы, сыйлы болған азамат. Бүгінгі әруақты сыйлап, рухына тағзым етіп жатқан мына жұмыстарыңыз шын мәнінде кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс. Серік Жайлауұлының өнегелі қызметін Түркістан халқы ұмытпақ емес. Құлбек Ергөбек, профессор, университеттің бұрынғы вице-ректоры:

– Біз азаматттық деген ұғымды аласартып алдық. Кімнің қызметі , лауазымы үлкен болса соны азамат деп танимыз, бұнымыз енді өте ұят. Серік Жайлаулы алдымен азамат еді. Өзінің адамдық болмысымен, жоралы ісімен шын мәніндегі Азамат! Ол кіші қызметте болсын, үлкен қызметте болсын Азаматтығынан айныған емес. Ол айналасындағыларды барлығына құрметпен қарайтын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жолынан айныған емес. Тек елдің өтінішін орындаумен, пайдалы болумен өмірден өтіп кетті ғазиз жан. Ол өтініштер ,ол құрметтер жеке мүдде емес жалпы елге, қоғамға бағытталды. Біздер «қоғам және мемлекет қайраткері» деп дабырайтып жатамыз кейде, шындап қарасақ ол адамның биік лауызымы мен шен-шекпені қайраткерлікті ақтай алмайды. Қарапайым етікші өз ісіне мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарап, елге адал қызмет етсе ол етікшіні қайраткер деуімізге әбден болады. Үлкен тұлға, ел басқарған азамат болса да халқыма қызмет етейін, қоғамға қызмет етейін дейтін болмаса лауазымы қанша үлкен болса да ол адам Қайраткер емес!

Ал, Серік Жайлауұлы Пірәлиев шын мәнінде білімі мен тәжірибесін қоғам үшін жұмсады, әлеуметке қызмет етті, көпке жанашыр тұлға болды. Мен Серік Жайлауұлымен бес жылдай қызметтес болдым. Үзеңгілес жүріп, университеттің дамуына, Түркістан топырағына қызмет еттік. Бүгінгі мына жиынға көпшілік жүрек қалауымен, Секеңе деген сағынышпен, оның әруағына құрметпен келіп отыр деген. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген бар. Ғалымның артында қалған ізбасарлары, шәкірттері , ұжымы құрметтеп мынадай ғажап конференция залын жабдықтап, ол кісіге арнап ашылып жатуы да көргенділіктің белгісі деп ойлаймын.

Әзімхан Сатыбалдин, ҚР ҰҒА Экономика институтының директоры, академик:

– Мен, Серік Жайлауұлымен жақсы дос, үзеңгі жолдас болдым, қатар оқыдық бірге жүрдік. Біз Серік Пірәлиевтің ықпалымен 2005-2007 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің «Түркі тілдес елдердің ықпалдастық байланыстарын зерттеу» институтын құрдық. Мен сол институттың директоры болдым. Түркітілдес елдер интеграциясы институтының жанына керемет мазмұнды ғылыми журнал шығардық , газет шығарды, түркітілдес елдерге хабар тарататын телеарна ашу арманы болатын. Ректордың бастамасымен университетте Экономика мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылды, сол кеңесті басқардым. «Жергілікті кадрларды даярлауымыз керек, Түркістанға тұрақты қызмет жасайтындар солар болады» дегені есімде. Расында бүгінде бір шоғыр экономист ғалымдар шоғыры өсіп жетілді. Б.Мырзалиев, С.Ыдырыс, Г.Әзіретбергенова т.б ғылым докторлары бүгінде міне университеттің шаңырағына уық болып шаншылып, іргесін бекіткен белді ғалымдары. Біз Түркітілдес елдер интеграциясы институтын құрғанда Серіктің идеясы елдік, түркітілдес елдер масштабында Түркістанды көтеру болған еді.

«Түркістан киелі топырақ қой. Бұл жердің өркендемеуі, өспеуі мүмкін емес. Тек көзін табуымыз керек секілді» деп Парламентке, Үкіметке хат жазып, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясын құру идеясын жүзеге асырмақ болды. «Осы идея іске асып жатса, Түркия бір квартал, Өзбекстан бір квартал, Әзербайжан бір квартал жаңа үлгідегі ғимараттар салып берсе, Түркістан жарқырап, жаңа қалашық бой көтерер еді-ау. Ғажап емес пе, Әзімхан?!» дегені әлі күнге есімде. Алайда, бұл идея жоғарыдан қолдау таппады. Серіктің бұл идеясын Ердоған іліп алып кетті де 2009 жылы ТүрікПА құрылды. Бүгінгі Түркістанды көріп, Серік Жайлауұлының асыл армандары іске асып шындыққа айналғанына қуанамын. Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді дейді халқымыз. Абзал азамат, кемеңгер басшы, ғалым С.Жайлауұлының ғибратты ғұмыры, қалыптастырған ғылыми мектебі, тәрбиелеген шәкірттері оның есімін мәңгілік жадымызда жаңғыртары сөзсіз.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы