ЖАС АБАЙЛАР АҚЫН РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

1  061 көрілім

Ұлылардың ұлысы, қазақ елінің маңдайына біткен дара тұлғасы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына биыл 175 жыл толды. Ұлы ақынның туылған күн мерекесіне орай Жетісай ауданында «Абай» гүлзарында мерекелік кеш болып өтті. Кеште Абай поэзиясынан сыр шертіліп, дана Абайға арналып жырдан шашу шашылды.

Жетісай қаласының нақ төрінде бой түзген Абай ескерткіші жастардың рухани, мәдени орнына айналған. Ұлы ақынның тау тұлғасы аудан жастарын тек білімге, адамгершілік пен еңбекке шақырып тұрғандай. Айтулы шара барысында кемеңгер Абайдың ұлылығы, оның поэзиясы мен қара сөздерінің мәңгілік жасайтындығын тағы бір мәрте паш етілгендей. Жастарға аға буын өкілдері ақынның өмірінен және құндылығы зор шығармашылығынан мағлұматтар беріп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өлеңдері оқылып, ашық аспан астында Абай күйі күмбірледі.

«Расында да Абайдың барлық шығармалары әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ақынның көптеген өлеңдерінде терең философиялық ойлары, табиғатқа, таным, ақыл жайлы толғаныстары көрініс тапқан. Ол туындыларды оқыған әрбір адам өзіне мол тәлім-тәрбие алары сөзсіз. Бұл тұрғыда Абай салған сара жолмен келе жатқан жас ақындардың шығармашылығына да қанат бітері сөзсіз»,-дейді Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.

Тәрбиелік мән-маңызы мол шараға аудан мектептеріндегі Абай есімді 32 оқушы мен 7 ұстаз қатысты. Әдеби-сазды кешке қатысып, ақынның шығармаларын нақышына келтіріп оқығандардың ішінде Абай ауылдық округіне қарасты «Жеңістің 50 жылдығы» жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы, бала Абай Құнанбайұлы да болды.
Ұлылардың ұлысы, әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алатын Абай поэзиясының ғұмыры мәңгілік екені даусыз. Тек бүгінгі жастар Абай шығармаларының нәрімен сусындап, бой түзеп жатса болғаны.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы