Өңіріміздің «Тау самалы» демалыс орнында Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Тау FEST» лагері өтті. Еліміздің жастарының ынтымақтастығы мен бірлігін арттыру, танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру және интеллектуалды ортаны қалыптастыру, сондай-ақ, әр өңірде жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында өткен бұл жиын еліміздегі өскелең ұрпақтардың Отанға деген патриоттық сезімдерін оятты деуге болады. Жиынға 17 аудан мен қаладан белсенді жастар, сондай-ақ, республиканың бірнеше қалаларынан қатысушылар жиналды. Атап айтсақ, Шымкент қаласы мен Қызылорда, Жамбыл, Жетісу облыстарынан келген қонақтар 3 күн ішінде диалог алаңдары және оқыту сессияларында, яғни, алғашқы күні өткен «Әділетті Жастар – Ел ертеңі» аясында «Жастар саясаты» тақырыптарында сөз қозғап, топтық жұмыстарға қатысты. Тренингті Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы жүргізді. Кездесу аясында Түркістан облысы мемлекеттік басқару академиясының филиал директоры Айнұр Маратқызы, Жастар ресурстық орталығы әдіснамалық басқару кеңесшісі Торғын Кайдарова, педагог, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы Берік Дауылов пен Қазақстан студенттер альянсі төрағасы Ұлан Наукен тақырып аясында сөз қозғады.
Алғашқы күні еліміздің жастар саясатында өз орны бар сала өкілдері жастар саясаты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Спорт және өнер», «Жастар саясаты» тақырыбында талқылаулар жүргізіп, тәжірибелерімен бөлісті.Сонымен қатар,мүмкіндігі шексіз жандардың фото көрмесі өтті. Мүмкіндігі шексіз жандар әлемді, қоршаған ортаны өздерінше түсініп, біз көңіл бөле бермейтін елеусіз оқиғалардан, құбылыстардан бір ерекшелік байқап, жанына түйіп жүреді. Бұл – олардың жан дүниесінің әркез сергек жүретінін білдірсе керек. Жас таланттар ішкі жан дүниесі мен жүрек бұлқыныстарын өздері салған дүниелерден айқын аңғаруға болады. Тамыршыдай тап басып ой иірімін ақ қағазға түсіргенде, көз алдыңа алуан түрлі құбылыстарды әкеледі. Осы арқылы оларды мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде тануға болады. Тіпті өздерін бір әлем десек жарасатындай. Бұл көрмеге мүмкіндігі шексіз 3 таланттың туындысы қойылған және олардың тырнақалды туындылары күн соңында аукционға қойылатын болады.
Алғашқы күннің аяқталуында арнайы лагерге Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы республикадан, облыстың аудан, қаласынан жиналған көшбасшы жастардың басын біріктірген шараға қатысып, қоғамдағы жастар рөліне тоқталды.
– Биылғы жылы өзінің бес жылдығын тойлап жатырған біздің облыс, еліміздегі жастар саны ең көп өңір болып саналатындығы баршаңызға белгілі. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы халық саны – 2,1 млн құрайды. Соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 353. Яғни, халық санының 30% жастар құрап отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты жастар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Бүгінгі күні біздің облыс жастарының арасында көшбасшылар көп. Олар қоғамды жаңалыққа үндейді және салауатты өмір салтын насихаттайды. Қоғамның қолайлы дамуына өз әсерлерін тигізеді. Біз қашанда облысымыздан шыққан талантты жастарымызбен мақтанамыз. Еліміздің даңқын көкке көтерген бокстан әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов сынды спорт саңлақтары жетерлік. Бір ғана Шардара ауданының өзінен 2001 жылдан күні бүгінге дейін қол күресінен 102 Әлем чемпионы, 99 Әлем чемпионатының жүлдегері, 26 Әлем кубогының иегері, 278 Азия чемпионы, 264 Азия чемпионатының жүлдегерлері, 50 Азия кубогының иегері, 391 Қазақстан чемпионы, 550-ге жуық Қазақстан Республикасы чемпионатың жүлдегері, 85 Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 68 Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 130 Қазақстан Республикасының спорт шебері шыққан.
Өңірімізде жастар саясатын жетілдіру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Себебі, Қазақстанның болашағы – сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Ең әуелі жастар бойына рухани – адамгершілік, саяси интелектік, құқықтық тәрбие басым болған жөн. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең солай иілуге әзір. Сол себепті жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге халықтың басты парызы. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры, – деді өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, таубөктерінде орналасқан демалыс аймағында кешкі алау оты жағылып, белсенді жастардың өнерлері ортаға салынды. Облысымыздың әкімімен бір ортада бас қосқан бұл кештің ерекшелігі көп болды. Кешкі алаудың жалынының жарығымен кешкі ас ішкен жастардың басқосуы одан ары концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерттік бағдарламаға танымал әнші Еркін Нұржанов қатысып, әсем әндерін тыңдармандарға жолдады. Сондай-ақ, «Congress Hall» жастарынан құралған бір топ өнерпаздар өз өнерлерімен жиналған көпшілікті тәнті етті.
«Тау FEST» лагерінің екінші күні таңғы жаттығумен басталды. Лагерге қатысушылар «Жастар жетістігі» диалог алаңында бас қосты. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Осы тұста лагердің негізгі аспектілерінің бірі – жастарды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыру екенін де айта кеткен жөн.
Іс-шаралар барысында жас көшбасшылар мен қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, диалог алаңындағы спикерлер өз саласында қалай жетістікке жеткені туралы сөз қозғап, жастармен ой бөлісті. Қызықты да танымдық іс-шараларда білім, экология, Президент Жолдауында айтылған негізгі басым бағыттар мен жастарды қоғамдық-саяси салада ілгерілетуге ықпал ететін креативті жобалар талқыланды. Осылайша, жүзден жүйрік жастар жиылған республикалық «Тау FEST» лагері әрбір қатысушыға ерекше көңіл-күй мен күш-жігер сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған танымдық-сауықтық бағдарламалар алдағы уақыттарда дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады.
Ержан СМАҒҰЛ.