ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТІҢ ҚАСЫНАН ТАБЫЛАЙЫҚ

512 көрілім

Осыдан бір ай бұрын Маңғыстау өңіріндегі қуаңшылықтан жаппай мал қырылып жатқан бейнежабзаларын  әлеуметтік желілерге жүктеген шаруалар жан айқайын жеткізген болатын. Жауын-шашынның болмауы, жем-шөптің жетіспеуі, ыстықтың ерте түсуі мал шаруашылығына айтарлықтай зардабын тигізіп отыр.  Ал шаш етектен шығынға батқан шаруалар дәрменсіз. Сондықтан, малшылар осы өңірлерде төтенше жағдай жариялап, шөп пен суға мемлекеттен субцидия бөлуді сұраған еді. Ресми мәлімет бойынша үш айдың ішінде Маңғыстау облысында 1400 мал қырылып қалған. Көктем шыққалы көгерген шөп көрмеген Маңғыстауда 240 мың ірі қара, 614 мың ұсақ мал бар. Бұл тек тіркелгені ғана. Егер мемлекеттен қандай да бір көмек көрсетілетін болса, осы тіркеуде тұрған төрт  түлік қана есепке алынады. Ал тіркелмеген малға мемлекеттен көмек бөлу заңға қайшы келетінін ауыл шаруашылығы  департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтып өткен болатын.

«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» демекші, мемлекеттен көмек келемін дегенше қараша халықтың мұң-мұқтажын түсінген өзге өңірлердегі тұрғындар қол ұшын созып жатыр. Соның бірі – халыққа үндеу жасап, шөп жинауға шақырған түркістандық Құрмет Талапқазы. Жас болса да қуаңшылық орнаған өңірлерге көмек көрсетуді қолға алған азамат ел халқын шөп оруға асарға шақырып, мүмкін болса қыс ауғанша көмекті тоқтатпауға тырысатынын да атап айтты. Құрметке хабарласып, шөп әкеліп, қаржылай көмек көрсетіп жатқан азаматтар да аз емес. Одан бөлек, қол ұшын созып, шөп оруға оңтүстік өңіріндегі азаматтардан өзге, Талдықорған, Алматы сияқты шалғай аудандардан асарға келіп жатқан азаматтар да баршылық. Десе де оңтүстіктен батысқа тегін шөп жөнелтуге дайын азаматтар болғанымен, оны тасымалдау біраз мәселе тудырды.

Әлеуметтік желіде «мал азығын тиейтін әр вагонға тасымалдаушы компания  500 мың теңге төлеңдер, темір жол бойында тұрғандарың үшін күніне 100 мың теңгеден бересіңдер деп шарт қойып отыр. Жұт жайлаған өңірге көмек көрсетпек болған белсенді азаматтардың тасымалдауға төлейтін қаржысы жоқ. Ал халықтан жиналып жатқан ақшаны әр вагонға төлейтін болсақ, шөп жіберу тоқтап қалайын деп тұр, –  деген бейнежазба тараған болатын.

Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов елдің жүгін арқалаған азаматтармен арнайы кездесіп, «Қазақстан Темір Жолы ҰҚ» АҚ басшылығымен бірқатар мәселенің оң шешімін табыға атсалысты.

         – Асарлатып жиналған шөптің қысқа мерзімде межелі жеріне жетуі аса маңызды. Ерлеген жерлестерімізбен жүздесіп, алғыс білдіру үшін және тасымал мәселесі бойынша оңтайлы шешім қабылдап, орындалуын бақылау мақсатында Сарыағаш қаласының теміржол станциясына барып, қарапайым жастарымыздан бастап, қоғам белсенділері атсалыса 10 вагонға, әр бірінде 25-30 тоннаға дейін шөп тиеліп, жөнелтілді. Бұған қоса, “Қазақстан Темір Жолы ҰК” АҚ демеуге ынталы басшылыққа алғыстан басқа айтарым жоқ.
Алла игі істерімізді көп етіп, қашан да бір-бірімізге қолдау білдіре алатын мүмкіндік берсін, – деді Рашид Абатұлы өзінің парақшасында.

Мал азығынан таршылық көріп отырған Маңғыстауға жөнелтілген шөптің бастамасы жетіп, халыққа үлестіру басталып кетті. Әлеуметтік желіде жеткізілген шөптің  тек қымбат көлік мінген байлар мен шенділердің әкетіп жатқанын жариялаған бейнежазба тарады. Алайда Құрмет бұл бейнежазбаға өз жауабын берді.

– Қымбат көлік мінген азаматтардың барлығы қалтасы қалың адамдар деп ойламаймын. Мүмкін өздерінің діттеген жеріне шөпті жеткізу үшін шаруалар сол көліктерді жалдап отырған шығар, – деді әлеуметтік желідегі парақшасында. Контейнерлерде тұрған шөп, арнайы орындарға жеткізіліп, шаруаларға үлестірілетін болады. Оларға көмек тілкелген мал санына қарай арнайы тізім бойынша беріледі. Асарлатып жиналып жатқан шөп әлі де вагондарға тиеліп жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.

         Батыстықтардың басына күн туғанда түркістандықтардың да ілкімді істі іліп әкететуге әрекет жасап жатқанына қуандық. Жақында ғана Айдос Абпазов есімді азамат өзінің әлеуметтік парақшасында біздің қала тұрғындарын да қайырымды істен құр қалмауға шақырған болатын. Бұл іс бүгінде қолдау көріп, өз жалғасын тауып жатыр. Түркістаннан шөп орып, ол жаққа жеткізу тиімсіз болғандықтан, осы мақсатта күш салып жатқан Сарыағаш ауданынан сатылымдағы шөпті түркістандықтар жинаған қаржыға сатып алып, сол жерден батысқа жіберуді ниет етіп отырғанын жеткізді.

Кеше ғана “Түркістан Ахмет Ясауи” кәсіби колледжінің директоры Алтынбек Кенжалиев бастаған бір топ белсенді азамат Сарыағаш қаласына барып, түркістандықтардан  жиналған 1 млн. 200 мың теңгеге 2 вагон шөп артып қайтты. Егер Түркістан қаласынан қайырымды істің қасынан табыламын деген азаматтар болса  Құрмет Талапқазы Түркістан қаласының темір жол станциясына да 10 вагонға дейін қоюға дайын екендігін жеткізді.

Кешегі “Арыс оқиғасы” мен Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға бүкіл ел болып көмекке келген еді. Қазақ қашанда қайырымдылық десе ішкен асын жерге қойып, қолындағы барын беруге дайын тұратын халық. Бұның барлығы елдегі ауызбіршіліктің арқасында болған дүние. «Адамның күні адаммен» деген сөз осы тұста айтылуы тиіс секілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болып атсалыссақ, бұл қиыншылықтың да артта қалары сөзсіз.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы