ҒАСЫР ЖАСАҒАН ШАХАДАТ ӘЖЕ

977 көрілім

Қаламызда тұратын Шахадат Разыққызы Валиева жақында жүз жасты еңсерді. Бір ғасыр ғұмыр кешкен кейуана осыдан қырық жыл бұрын өмірден озған жолдасы Абдужаббар атамен Райхан, Абад, Нүрхан, Хусан, Зухра, Әбдуәлі, Махфират, Фарида есімді перзенттерді дүниеге әкелген. Бүгінде Шахадат әже тамыры тереңге жайылған бәйтерек іспетті 70-ке жуық немере мен шөберелерінің құшағында бақытты ғұмыр кешуде. Ұл-қыздарынан өсіп-өнген немере-шөберелерінің ортасында әдемі қартаю үлгісін көрсетіп отырған әжей елдің бірлігін, ұрпақтардың амандығын тілейді. Ғасыр жасаған сөзге шешен әжейдің жастарға айтар ақылы да аз емес.

– «Жастайымнан еңбекке ерте араластым. Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердім. Түркістан депосында ер-азаматтар орнына ауыр жұмыстарды атқарып, бейбіт күннің жақындауына еселі еңбек еттім. Біз көрген қиындықты бүгінгі жастардың басына бермесін. Тәуелсіз Қазақстанның, облыс орталығы киелі Түркістанның өсіп-өркендеуіне тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,-дейді Шахадат әже.

Келіні Халима Сүлейменқызының айтуынша, 100-ді еңсерген әжейдің өзі тың, қимылы ширақ, тамаққа тәбеті жақсы. Әжейдің кенже немересі Мақсат Әбдуәліұлы мен немере келіні Надыра Бақтиярқызы да ақ жаулықты анасын мәпелеп, әженің жасы бізге де жұғысты болсын деген ниетпен әрдайым қызметте. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Шахадат әжей бүгінде немере-шөберелерін айналып, толғанып, солардың қызығы мен қуанышына тоймай отырған бақытты жан.

Жүз жаспен жүздескен кейуананы құттықтау үшін «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Р.Қошқаров та арнайы атбасын бұрып, қор атынан ғасыр анаға сый-сияпаттар табыстады.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы