ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУГЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?

885 көрілім

Бүгінгі әңгіменің төркіні осы сауалдың төңірегінде болмақ. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде басталған болатын. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиге байланысты жұмыстар жоспарлы һәм қарқынды түрде жүре бастады. 2019 жылы да бұл жұмыстар өз жалғасын тапқан болатын. Негізінде, көшу межесі 2025 жыл деп белгіленген.

Осы орайда, біз «Латын әліпбиіне өтуге білім мекемелері әзір ме? Осы мәселе төңірегінде қандай іс-шаралар атқарылуда? Жалпы латын әліпбиі туралы халық көкейіндегі сауалдарды тиісті сала басшылары мен мамандарына қойған болатынбыз.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА, қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы: – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығы шығып, латын әліпбиіне көшуге қамданғанымызға да біршама уақыт өтті. Осы уақыттан бері филолог ғалымдар қауымы әліпбидің бірнеше нұсқасын ұсынып, бір тоқтамға келгеннен соң ұстаздар жаңа әліпбиді дәріптеуге кірісіп те кетті.

Тарихқа үңілсек, 1929 жылғы 7 тамызда «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы және 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заңы қабылданғанын көреміз. Бертін келе түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келетін жол ортақ әліпбиге яғни латын әліпбиіне көшу екендігін түсініп отырмыз. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге де зор мүмкіндік алар едік. Мәселен, Алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып, жарияланбаған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Жоғарыда айтқанымдай, Елбасының бастамасын қолдай отырып, түркістандық педагогтар да жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуді бастап кетті. Түркістан қаласының адами капиталды дамыту бөлімі жұмыс жоспарын жасап, соған сәйкес бөлімге қарасты барлық білім мекемелерінде латын әліпбиіне көшуге байланысты түрлі іс шаралар жүргізді. Атап айтқанда, 1-11 сыныптар арасында «Латын әліпбиі – заман талабы» тақырыбында пікірталастар, қалалық және облыстық семинарлар, дөңгелек үстелдер және жалпыхалықтық латынша диктант жазу шаралары болып өтті. Латын әліпбиіне көшу туралы толық ойларын, оқушылардың тапқырлық, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, жастардың ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында бұл шаралардың маңызы өте зор болды. Өткізілген шараларда қазақ әліпбиінің латын баламасы кесте арқылы оқушыларға тереңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының маңдайшаларындағы жазулар, қабырға стендтері, ұлы ғұламаларымыздың ғибратты сөздері латын әліпбиімен жазылуда. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, жаңа оқу жылында мұғалімдер мен оқушылар арасында қашықтан кездесулер ұйымдастыру арқылы беріліп жатқан сабақтарда латын әліпбиі туралы толық түсініктеме мен таныстырылым жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, педагогтар арнайы курстардан өтіп, жаңа оқулықтар жеткізілген жағдайда латын әліпбиін оқу бағдарламасында қолдануды да бастайтын боламыз. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Латын әліпбиіне көшу игі бастамалардың бірі екендігін сөз етіп, “2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз”, – деп Елбасы атап айтқа-нындай, латын әліпбиіне көшу басты мақсат болып тұрғаны баршаға айқын. Сондықтан түркістандық ұстаздар бұл орайда салғырттық танытпай, жаңа әліпбиді насихаттау, қолдану аясында жұмыстарды жандандыра түсуге күш салатын болады.

Нұргүл ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Түркістан облысының мәдениет басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: – Латын әліпбиі әлі талқыланып жатыр, жылдың соңына дейін бекітіледі деп жоспарлануда. Облыста 2019 жылы 3000 жуық адамды қазақ тілін латын графикасымен жазуды оқыттық. Биыл жыл басынан оқытуды тоқтаттық, себебі, латын графикасына өзгерістер енгізілуіне байланысты тоқтата тұру туралы тапсырма келді. Бірақ, жалпы насихат жұмысы тоқтаған жоқ. Облысқа қарасты аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, тілдерді оқыту орталықтары қызметкерлері тарапынан әлеуметтік желіде материалдар жарияланып тұрады. Биылғы жылдың ақпан, наурыз айларында латынды талқылауға байланысты ғалымдармен, тіл саласы мамандарымен семинар өтті.

Маусым айында латын әліпбиімен оқытуға байланысты онлайн семинар өтті. Облыстағы тіл окыту орталықтары қызметкерлерінің катысуымен өткен семинарда Қарағандының, Қызылорда, Қостанай, тағы басқа облыстардың тіл оқыту орталықтарының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айжан БАЙМАХАНОВА, қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі мұғалімі: – Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты жұмыстар жалғасуда. 2019 жылы орталық мамандары Тараз қаласында және Сарыкемер, Аса кенттерінде өткен семинарларға,«Қазақ тілін латын графикасына көшіру» ақпараттық- насихат апталығына қатысып мол тәжірибе жинақтап қайтты.

Сонымен қатар, былтырғы жылы Нұр-Сұлтан қаласына барып, «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерлерді дайындауға арналған 72 сағаттық республикалық курста оқып келдік. Онда семинарларға қатысып, студенттерге ашық сабақтарды практика жүзінде іске асырып, әріптестермен тығыз байланыста өзара тәжірибе алмастық.  

Түркістан қаласында латын әліпбиі бойынша облыстық сот мамандары арасында дәрістер оқыдық. Сондай-ақ, 2019 жылдың қараша айында қала мектептерінде «Жаңа әліпби емле – ережелер» тақырыбында таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл аяғында орталық кітапханада қаламыздағы филолог мамандары арасында дөңгелек үстел өткізілді.

Қаламыздағы «Балдырған бөбекжай» балабақшасында «Латын графикасына негізделген қазақ тілі» сабағы жүргізілді. Ашық сабаққа қызметкерлер белсене қатысты. «Latyn qarpinde jazyp daǵdylanamyz» атты тренинг өтті.Тренинг барысында алда қандай өзгерістер мен жаңалықтар күтіп тұрғандығы түсіндіріліп, практикалық жаттығуларға мән берілді. Қала көлемінде «Қазақша оқимыз, Латынша жазамыз» тақырыбында диктант жұмыстар алынып, сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар, былтырғы жылдың желтоқсан айында мектеп мұғалімдері арасында «Жаңа әліпби термин мәселесі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке қатысушылар жаңа емле ережесіне және термин тақырыбына сәйкес әртүрлі тапсырмалар орындады. Латын графикасында оқу, жазу дағдыларын әрі қарай дамыту мақсатында тыңдаушылар ұялы телефондары арқылы «QAZLATYN» сайтымен «Терминком», «Сөздікқор» бағдарламаларымен, «QAZAQ KEYBOARD» қолданбаларымен, сонымен қатар «IIes», «Sózálemi» мобилді қосымшаларымен танысып, оларды қолданып көрді.

Биылғы 2020 жылдың алғашқы айларында латын әліпбиіне қатысты семинарлар өткізіліп, онда орфографиялық, әдістемелік, техникалық сүйемелдеу жұмыстары атқарылды және ашық талқылаулар болды. Қазіргі таңда онлайн семинарлар өткізудеміз.

Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал. Біз күнделікті өмірімізде латын графикасымен жиі бетпе-бет кездесеміз. Ғаламтор мен ұялы байланысты пайдаланушылар, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін пайдаланып та жүр. Алайда, осы жұмысты жүйелеп, бір бағытқа салу үшін қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет.

Ендеше, латын әліпбиін қолдану арқылы болашағымыз жарқын болады деген сенімдеміз. Әрине, төте жазу немесе кириллицамен жазылған мол мұрамыз бар екені рас, олар жаңа қаріпке көшірілетіні анық. Латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің қолданы-лу аясын кеңейтуге зор ықпал етеді. Басқа мемлекеттерде тұратын қандас бауырларымыз да латын әліпбиіне көшсек, еліне бір табан жақындай түспек. Ең бастысы, халық латын әліпбиінің қажеттігін қолдады, оның енуіне әрқайсымыз үлес қоса білейік.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы