ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ЖАҢА ЖОЛДЫ АЙҚЫНДАП БЕРГЕНДЕЙ

699 көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбаты жарық көрді. «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тақырыппен шыққан әңгімелесуде Президентіміз елдің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берумен қоса ел болашағына жаңа бағыт та ашқандай болды. Әңгіменің әлқиссасын ел аумағында ауыр дертке байланысты туындаған мәселелерден бастап, бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ екенін, біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн екенін айтып өтті.

Сұхбат барысында қазақ тілінің болашағы мен абыройына ерекше тоқталған Қ.Тоқаев: – Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет,- деді.

Сонымен қатар, қазіргі уақыт той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі деген тәуір ойын да жеткізді жетер жанға.

Шынында, қазір біздің еліміз ғана емес әлем халқы тығырыққа тірелгендей күй кешудеміз. Мынау алапат залал да жағамыздан алып, алқымымызды қысып тұрғандай. Сондықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойын түсініп оқып, санамызға сіңіргеніміз абзал. Түсінген жанға бұл сұхбатта ел дамуының жаңа жолы менмұндалап тұр.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА,

Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы