ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

974 көрілім

Тұрғындар өмірін оңтайландырып бір реттілікке қою үшін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қолайлы реформалар жасап, қала халқының тұрмысын жеңілдетуде. Алайда, қала төңірегінде назарға ілініп тұрған үлкен мәселелер де жоқ емес. Шаһар басшысының өзі ерекше назар аударған аталмыш мәселенің бірі – қаланы толығымен табиғи газбен қамту жобасы болып отыр.

Бұл жұмысты қолына алған қалалық инфрақұрылымдар және коммуникациялар бөлімі осыған дейін өткен апталық жиналыста әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары бойынша сын да естіген. Нақты айтсақ, биыл тұрғын үйлерді көгілдір отын түріне өткізу бойынша 30 мыңнан астам абоненттің қосылуы жоспарланған болса, қазірде жартысынан кемінде ғана газ құбырлары жүргізілген. Жұмыс қарқыны осылай жалғаса беретін болса, үйлерді газдандыру жұмыстары белгіленген межеде орындалмауы мүмкін екендігін баса айтқан қала басшысы, жұмысты ширату қажеттігін ескерткен болатын.

Сонымен, аталмыш жұмыспен айналысып жатқан бөлімнің жұмысына тоқталсақ. Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі тарапынан қазіргі таңда көгілдір отынмен қамтамасыз ету саласы бойынша 5 нысанның жұмыстары жүргізілуде. Жауапты бөлімнің берген мәліметі бойынша «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету құрылысы 2-кезең (магистралды газ құбыры)» жобасының құны 2110,749 млн. теңге. Оның – 2005,2 млн.теңгесі игеріліп, 28,4 шақырымның 28,2 шақырымына газ құбыры салынған. Сонымен қатар, жоба бойынша 11 дана газ реттегіш жәшігі толығымен орнатылған. Қазіргі таңда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының астымен 200 метр газ құбырын алып өту үшін техникалық шарт алу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 98%-ға аяқталған.

Қала ішіндегі Иассы мөлтек ауданы, Ыждыхат тұрғын үй массивінің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 115997 шақырым газ құбыры толығымен монтаждалған. Шавгар мөлтек ауданы бойынша да бөлінген 1691077 теңгенің 1606,5 млн-ы игеріліп, құрылыс жұмыстары 98%-ға аяқталған. Иассы мөлтек ауданына қарасты Тұран (Оралман) тұрғын үй массивінің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталған. Ал, Отырар мөлтек ауданындағы «Шипа су» аумағы, Шавгар мөлтек ауданындағы «Туб-больница» аумағы, Қызылорда тас жолы бойындағы Иассы және Сауран мөлтек аудандарының жаңадан қоныстанған тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 148,036 шақырым газ құбырының 48,1 шақырымына жұмыстар жүргізілген. Бұл нысан 2020 жылдың соңына қарай толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, қаламызда Бекзат, Ақмақта (Хлопзавод), Отырар, 1-2 мөлтек аудандар және ХҚТУ, Асанбай аумағы қатты отын түрінен көгілдір отынға толығымен ауысқан. Жалпы, құрылыс жұмыстары аяқталған аумақтарды қамтыған абонент саны – 22002 болса, осы жылы пайдалануға берілетін аумақтағы абонент санын – 8033. Бүгінде Түркістанның газбен қамтылу көрсеткіші 65 пайызды құрайды.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы