Жуырда алғаш рет елімізде ардагер спортшылар арасында самбо күресінен өткен әлем чемпионатынан жерлестеріміз олжамен оралды. Орал қаласында жиналған әлемнің үздік спортшылар арасынан өңірімізден барған Әбдісадық Халилаев өз салмақ дәрежесінде топ жарып, алтыннан алқа тақса тағы бір жерлесіміз Нышанбай Құдайбергенов қола медалға қол жеткізді. Әлемнің кіл мықтылары жиналған бұл додада жалпы 18 мемлекеттен 600 ге жуық спорт шеберлері бақ сынаған болатын. Айта кетейік, ардагерлер арасында өткен жарыстың 5 дүркін әлем чемпионы атанған Әбдісадық Халилаев ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол бұған дейін әлем чемпионатына 9 рет қатысып, бақ сынаған. Бір қуантары, барған жарыстарының барлығында үздік үштіктен көрініп, еліміздің көк байрағын әлем алдында желбіреткен.
– Біз бұл додада өз абыройымыз үшін бақ сынамадық. Артымызда бізге үміт артқан еліміз үшін, оқушыларымыз үшін тер төктік және әр тамған тамшының еңбегін ақтай білдік деп ойлаймын. Біз бұл жеңісімізді киелі мекеніміздің бес жылдық мерейтойына арнадық. Өңіріміздің намысын арқаға артып жүрген барша жас спортшылардың алдағы жарыстарына тек сәттілік тілейміз! – деді, әңгіме барысында. Әлем алдында еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағымызды желбіретер спортшыларымыз көп болсын!
Ержан СМАҒҰЛ.