Отбасы – адамды жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы. Былайша айтқанда, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» ұғымының мағынасына саяды. Осы тақырып аясында Түркия мемлекеті, Сивас облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласы Әйелдер алқасының төрайымы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының биші жаттықтырушысы Мұстафаева Ұлжалғас Әбенқызымен әңгімелескен болатынбыз.
– Ұлжалғас Әбенқызы, алдымен өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Неше бала, неше немере сүйіп отырсыз?
– Өз отбасыма тоқталатын болсам, біз 9 ағайынды болдық. Мен төртінші перзентпін. Өзім 1 ұл, 2 қыздың анасымын. 10 немере сүйіп, 1 шөберенің қолынан май жалап отырған жайым бар. Ұл-қызымның бәрі отбасын құрып, өз алдына өмір сүріп жатыр. Бәрі жоғары білім иелері.
– Материалдық, әлеуметтік құнылықтар қоғам талқысына көбірек түсіп, ұлт ұйытқысы – отбасы құндылықтарының маңызы дұрыс жолға қойылмай жүргендей көрінеді. Себеп – ажырасу статистикасының көңіл көншітпейтіндігі. Іргесі берік отбасын құрудың негізгі алғышарттары қандай?
– Қазіргі жастар үйленген кезде, не үшін үйленіп жатқанын жіті түсінбейді. Кейбірі жасым келіп қалды дейді, кейбірі ұрпақ өрбітейін дейді, кейбірі «бас екеу болмай, мал төртеу болмайдыға» салып, жағдайым түзеліп кетер ме екен дейді. Отбасы – ұғымының қаншалықты салмақты екендігін, ертеңгі ұрпақтың қалай бой түзейтінін тереңінен ойлап жатпайды.
Осы тұста мен айтар едім, ұлттық, отбасылық құндылықтардың маңызын еш уақытта ұмытпауымыз керек. Алла ер мен әйелді жұп етіп жаратты ғой. Сол үшін де отбасын құрамыз деп бел буып, бекінген жастар шешімдеріне сенімді болуы керек. Ортада бала пайда болған соң, мойындарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін жан-жүрегімен сезіне білулері керек қой деп ойлаймын.
Мен қазір Түркістан қаласындағы «Әйелдер алқасының» төрайымымын. Жастар арасындағы неке бұзушылықтың тым көп екеніне өзім де куә болып жүрмін. Әрине жастар арасындағы кикілжің, түсініспеушілік, сезімнің суып кетуінен бөлек, жағдайды ажырасуға дейін жеткізуге жастардың ата-анасының, қоғамның, араласатын ортасының да көп әсері бар.
Біріншіден, жастардың ортасына дүние түседі. Бұл дегеніміз жастар отбасын құрардың алдында «ел бергенді біз де береміз», «ел апарғанды біз де апарамыз» деп жастардың қалың малы, қыз жасауы, тойына әлі жеткенше емес, мұрнынан шаншылғанша шашылады. Соның өзінде өздерімен-өздері қалғанда, есептесіп, «біз оны апардық, сендер мұны әкеле қоймадыңдар» деген сынды дүние үшін талас-тартыс, кикілжің көбейеді.
Екіншіден, жоқшылық. Отбасын құрғасын жұмыстың ыңғайы келмей, ер азамат ішкілікке салынып, әйел азамат шиеттей бала-шағасын асырай алмай отыратын отбасылар өте көп. Ондай еркектің барынан жоғы дей ме, осы жағдаймен ажырасатындар өте көп.
Бірақ мен ойлаймын, кез келген түйткілді шешуге болады. Осындай кезде асығыс шешім қабыдап, ажыраспай, жетіліп кетуге де мүмкіндік бар ғой. Екі адам бір отауда бас қосқаннан кейін, қандай да бір мәселе туындаған кезде, бірігіп отырып, бір-бірімен ақылдасып, бір-бірін ынталандырып, бір-біріне талап қойып, мәселеден шығар жол табуға болады ғой. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді қазақ. Бір-бірінің ығына жығылып, бастысы сенім артып отырса, ер азамат түзге кетіп қас-қарайғанша әйтеуір әупірімдеп жүріп тиын-тебенін тауып келер ме еді? Қазір заман ағымы көз ілестірмей тұр ғой. Әйелдерге де құр қол отырмай, үйде отырып ақша табудың түрлі мүмкіндіктері бар. Бір-біріне сүйеу болып, бір-бірінің тілін алса, ерлі-зайыптылар жоғарыда айтып өткен уақытша қиындықтардан ойнап-күліп өтіп кетер ме еді.
– Ер мен әйелдің құқығы мен әлеуметтік статусын теңестіруге деген көзқарасыңыз қалай?
– Иә, бүгінде елімізде ер мен әйелдің құқық теңдігін кеңінен қарастырып, әлеуемттік статусын да теңестіруге күш салып жатыр. Бірақ бәрібір біздің дәстүрлік танымдарымызда, шариғатта да ер азаматты әйел алдына шығарып отырады. Отбасында да, түзде де әйел баласы ер азаматының алдына шықпай, абыройын көтеріп, ұл-қызының алдында екі сөзге келмей, босағадағы басын төрге сүйреп отырған. Балаларды әкелерінің қас-қабағынан қаймықтырып, киімін табан асты тастатпай сыйлаған. Әйел өзінің ақылы жетіп отырған мәселелерде де, өзінше шешім қабылдамай азаматымен ақылдасатын.
Бүгінде әйелдер «мен ерлер қауымынан көп ақша таба алады екенмін», «мен де олар секілді көлік айдай аламын», «олардың көмегіне мұқтаж емеспін» деген ойларға ерік беріп, қоғамдағы ер мен әйелдің балансы да бұзылып жатқандай көрінді. Бұл әрине үйдегі бала тәрбиесіне де теріс әсерін тигізуі бек мүмкін. Анасының әкесін пір тұтпайтынын көрген бала да, әкесін сыйламайды. Ертеңгі күні ұлы – жасық, қызы – азаматының бетінен алатын безер болып шықпасына кім кепіл?!
Меніңше, қандай жағдай болмасын, қандай заман болмасын ер азаматыңды қадірлеу керек. Ер адам тапқан ақша берекелі болады. Үйдің береке, ырыс, несібесінің бәрі сол ер азаматтың бойында.
– Бүгінде бала тәрбиесі де бөлек бір проблемаға айналып отыр. Көп жасаған, көреген әже ретінде ұрпақ тәрбиесінде бүгінгі ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
– Қазіргі балалар әлеуметтік желілерде көп уақытын ысырап етеді. Отбасында қандай жағдай, қандай мәселе болмасын, баланы дүниеге әкелгесін, ата-ана балаға көңіл бөліп, бақылауы керек. Бала туғасын емес, баланы құрсаққа дарығаннан бастап, анасына нәрестесімен сөйлесіп, тәрбиелеп бастауы қажет. Бала құрсақта жатқан кезде ата-анасының әдемі сөйлеп, әдемі жүріп, әдемі тұрғанының бәрі дерлік балаға әсер етеді.
Бала дүниеге келгеннен бастап басынан сипап, 6 жасқа дейін мәпелеп, сүйіп, аймалап, құшақтап өсіру керек. 6 жастан 12 жасқа дейін ертегі, қиссаларды оқытып, санасына сіңірген жөн. Кітапты көбірек оқытып, дастархан басында өсек-аян әңгімерден аулақ болып, өсиет-өнеге боларлық әңгімелерді айтқан дұрыс. Және баланы кішкентайынан еңбекке баули білу керек. Кішкентайынан еңбекке араласқан баланың еті тірі, өз арбасын өзі сүйрей алатын атпал азамат болып қалыптасады.
Бүгінде ата-аналар балабақшадан, мектептен келген баласынан «Не үйрендің?» деп емес, «Не жедің?», «Біреу тиісті ме?» деп сұрайды. Баланың көрген, жегенін емес, білген-түйгенін сұрап, сөз етуге тұрарлық әңгімелермен әуестендіру де ата-ананың тәрбиесімен келетін дүние. Сондықтан, бала тәрбиесінде осы бір көзге көрінбейтін майда-шүйде әдеттерден де бойды аулақ ұстауға тырыссақ жаман болмаймыз, жаман ұрпақ тәрбиелемейміз ғой деп ойлаймын.
Сонымен қатар желкілдеп өсіп келе жатқан жас шыбықтың бойына терең тамыр жайған ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды, ырым-тыйым, салт-дәстүрімізді де сіңіру қажет. Жеті атасын жаттатып, туған жерінің тарихын санасына сіңіре білу де үлкен жауапкершілікті талап етеді.
– Қоғамда күрмеуі шешілмей жүрген мәселенің тағы бірі отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайының көптігі. Осы мәселенің негізгі түбірі қайда жатыр деп ойлайсыз?
– Расында да, балаларға қарсы, отбасылық зорлық-зомбылық, әлімжеттік күн санап көбейіп бара жатыр. Сәбидің көзін ашқалы көргені сол болатын болса, ертеңгі күні әлімжеттік көрсетуге бейім тұратын адам болып қалыптасады. Жалпы зорлық-зомбылықтың аяғы ешқандай жақсылық әкелмейді. Кез келген дүниені ақылмен, сабырмен шешуге болатынын, біреуді ол сенің әйелің не туған ұл-қызың болсын ұрып-соғу қылмыс екенін, ол үшін жауапкерішілікке тартыланыныңды ұғыну керек.
– Қазақтың дала заңында талай ғасырдан бері мызғымай келе жатқан салт-дәстүр, танымдар бар. Осы ұлттық құндылықтардың бүгінгі күнгі маңызы қандай?
– Осы тұста халықтық педагогиканы бойыма сіңірген әкем есіме түсіп отырғаны… Менің әкем жетім өсіп, ұлы отан соғысының алдында әскерге кетіп, ол жақта Жапондармен, Финдермен соғысып, 10 жылдан кейін елге оралған. 4 ағайында болған екен. Ағасы соғыста із-түссіз жоғалып кеткен. Інісімен жауда кездескен, ол да бақилық болып кеткен. Жалғыз қарындасынан да көз жазып қалған. Жетімдіктің де, бірінен кейін бірін жоғалтқан бауырларының да, соғыстың да азабын қайыспай көтеріп, елге келгесін шаңырақ көтеріп тоғызымызды (5 қыз, 4 ұл) өмірге келтіріп, тәрбиелеп өсірді. Әкем өзі ата-анасының тәрбиесін көрмесе де, біз халықтық педогогиканы әкемізден алдық. Әкеміз – оң қанат, шешеміз – сол қанат деп өстік. Қыздар – қонақ деп, 5 қыздың атын атамайтын. «Қызғалдық», «сарғалдақ» деп бізді қырдың қызыл гүлдеріне теңейтін. Дастарханға отырсақ та, қыздарды төрге шығаратын. Таңертең оятын жатып, «дастарханға бәрің түгел отырып, әумин десеңдер, осы үйге бақ-берек, дәулет келеді» дейтін. Таңертең сарғайып кеткен қағаздармен хадистер оқытатын. Одан жаман болдық деп айта алмаймын. Әкеміздің анамызға боқтап сөйлегенін естіген емеспіз. Жібектей сызылған, аристократ, интеллигент менің әкемдей әкені көрмедім. Күнмен жағаласып тұрып, анамызға сиыр сауып, күбі пісіп, нан жауып, кір жуып көмектесетінбіз. Анам аттың құлағында ойнайтын еді. Әкемізден халықтық педагогиканы үйренсек, анамыздан еңбек етуді үйрендік. Екеуара сыйластықты үйрендік.
Жазылмаған дала заңымыздағы ата-әже институтының әлі күнге дейін маңызы зор. Әжелер немерелерін арқалап, жауырыны мен мейірімін дарытып, тоқымасын тоқып, құртын істеп отырғанда немерелерін жанына жиып ап аңыз, ертегі, дастандарын айтып отырса ғанибет емес пе? Атасы малын жайғап жүріп, немерелеріне малдың жай-күйін, оның азығының қайдан келетінін, бидайдың қалай егілетінін, жерді қалай жыртатынын түсіндіріп жүрсе, дайын ветеринарлық, тіпті агрономиялық білімі бар бала өсіп шыға келмей ме?
Жалпы ұлттық, отбасылық құндылықтардың маңызы бүгін де, ертең де ортаймақ емес. Себебі, ол тұтас бір ұлттың діңгегі ғой…
– Сүбелі сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ