ЖЕТІСАЙЛЫҚ ЖАС КӘСІПКЕР ЖОМАРТТЫҚ ЖАСАДЫ

1  335 көрілім

Аспанасты елінен бастау алған COVID19 індеті бүгінде әлем халықтарының жүрегіне үрей ұялатты. Оның ішінде біздің елімізге де жетіп, төтенше жағдай жарияланды. Бірқатар ірі қалалар мен облыстар, мегаполистер карантиндік режимге жабылып, індеттің таралмауының алдын алу жұмыстары барынша күшейтілген.

Елдегі төтенше жағдай кезінде Жетісайлық кәсіпкерлер де шама-шарқынша елге қолұшын созуда. Бірі – аз қамтамасыз етілген, көпбалалы және карантиндік аймақтағы отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттар жағынан көмек берсе, енді бірі – медициналық препараттар мен қажетті құрал-жабдықтарды әперуде.

Сондай жомарт жандардың бірі, жас кәсіпкерлер, Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата өңірінің тумалары, «Астана Строй Проект» ЖШС директоры Данияр Аташов пен «ATASH GROUP» ЖШС директоры Исатай Аташовтар. Жас кәсіпкерлер өздерінің есебінен аудандық «Жетісай» орталық ауруханасына жедел қызмет көрсетуге арналған 4 комплект жасанды тыныс алу аппараттары мен қызу өлшегіш құралдарды сыйға тартты.

Оттегі концетраторлары, оттегі маскалары мен мұрын кануласынан тұратын медициналық аппараттар коронавирус індетіне шалдыққан науқастарды емдеуде таптырмайтын құрал. «Індетке шалдыққан науқастың өкпесіндегі тыныс алу жолдары зақымданғанда оттегі жетіспеушілігі туындайды. Міне, осындай жағдайда тыныс алу аппаратының маңызы өте зор» деген мамандар кәсіпкерлерге алғыстарын білдіреді.

Айта кетейік, бұған дейін табысты кәсіпкерлер көршілес Мақтаарал ауданындағы аудандық «Мырзакент» орталық ауруханасына да дәл осындай 2 жасанды тыныс алу аппараттарының жиынтығын сыйға тартқан болатын.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы