ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ 24 СӘУІРДЕ БАСТАЛАДЫ

1  061 көрілім

Бүгін Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айы қарсаңында дәстүрлі Төралқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды «Yassy-tur.kz»  ақпарат агенттігі. 

Онлайн режимде өткен мәжіліске наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен облыс және республикалық маңызы бар қалалардың бас имамдары қатысты.

Жиында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов Рамазан айында берілетін підия, пітір садақасы мен зекет мөлшерін анықтаудың маңызы жайында баяндама жасады.

ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте мәлімдеген болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн баспасөз маслихатында төтенше жағдай кезінде діни іс-шараларды өткізу тәртібі туралы баяндады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді.

«Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері: 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге; 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату; ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б»,-деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы