Түркістан қаласының әкімі Рашид АЮПОВ: «БАСТЫ МӘСЕЛЕ АЙЫППҰЛ САЛУ ЕМЕС, ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУ КЕРЕК»

1  058 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы орталық базар маңындағы заңсыз тасымалды реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және автотұрақтардың жағдайы, Түркістан қаласының орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру, Түркістан қаласындағы 1-сектордағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәселелері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі алғашқы тақырып бойынша жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Б.Оразбеков базар аумағындағы заңсыз тасымал бойынша атқарған жұмыстарын баяндап өтті. Сонымен баяндамашы мәлім еткендей, 2020 жылдың 13 сәуірінде «Қуаныш» орталық базары маңындағы автотұрақтардан Кентау қаласына қарасты елді мекендерге қатынайтын такси жүргізушілеріне рейдтік шара ұйымдастырылған. Атап айтсақ, Үшқайық, Бабайқорған, қаланың Бекзат шағын ауданы, Сауран, Балтакөл, Шәуілдір, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Кентау, Оранғай бағыттарына қатынайтын такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Рейдтік шара барысында таксимен тасымалдау үшін көлік құралдарының автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасындағы талаптарға сәйкестендіру қажеттігі ескертілген.

Сонымен қатар, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұсынымына сәйкес, такси тасымалын уақытша тоқтату қажеттігі де ескертілген. «Қуаныш» орталық базары аумағындағы ретсіз такси қызметімен айналысып жүрген жүргізушілерге қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476, 571 баптарына сәйкес, айыппұлдар салынғанын жеткізді.

Осы мәселеде қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы А.Тоқбергенов қосымша хабарлама жасады. Қаладағы орталық базар маңындағы жолаушыларды, багаждарды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 571 бабында көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жыл басынан бері 35 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2020 жылдың 3 айында көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 597 бабында көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 847 азаматқа бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынғанын мәлім етті.

Бұдан соң адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбекова Түркістан қаласының орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталса, инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасов Түркістан қаласындағы 1-сектордағы жүргізілген жұмыстары туралы атап өтті. Қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы С.Тәңірбергенов Түркістан қаласындағы басты көшелердегі нысандардың реттілігі және көше бойларындағы абаттандыру, көгалдандыру, құрылыс сапасы бойынша тексерілген жұмыстарының қорытындысын баяндады.

Жиын соңында қала әкімі Р.Абатұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктерді дер кезінде реттеу және төтенше жағдайға байланысты қала тұрғындарына сақтық шараларын күшейту бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы