«BIRGEMIZ-TURKISTAN» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫ 4903 АДАМҒА КӨМЕК БЕРЕДІ

894 көрілім

Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры құрылған. Қорға еліміздегі ірі кәсіпкерлер, ауқатты азаматтар, жетекші компаниялар қолдау білдіруде.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Birgemiz Turkistan» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Жиында аталған қордың жұмысын үйлестіру, СOVID-19 індетіне қарсы күресті күшейту мақсатында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беру мәселесі қаралды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен «Birgemiz-Turkistan» корпоративтік қорының төрағасы Мұхамедали Қорғанбаев аталған қордың жұмыс барысы туралы баяндады.

«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша тұрғын саны көп ең ірі 23 қаланың, облыс орталықтарының 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден көмек беріледі. Осы 23 қаланың қатарына Түркістан қаласы да еніп отыр. Партияның ұсынысына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасы негізінде қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 7 категория бойынша аса мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталды. Аталған мәселе бойынша қала тұрғындарына ешқайда барудың қажеті жоқ. Арнайы база бойынша тізімге ілінген аса мұқтаж отбасылар іріктеліп, енгізілді. Түркістан қаласы бойынша 4903 тұрғынға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілмек.

Атап айтсақ, 7 категорияға аз қамтылған 1326 көпбалалы отбасы, 819 бірінші топ мүгедегі, мүгедек бала күтімімен отырған 1014 отбасы, зейнетақысы төмен және аз қамтылған 1611 зейнеткер, 59 жетім бала, 74 ҰОС мүгедегі мен оларға теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері қамтылады.

Бүгінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қауіпті індетті таратпау, төтенше жағдайда аз қамтылған тұрғындарға, жұмысынан айырылған азаматтарға, кәсіпкерлерге қолдау көрсету тетіктері іске қосылып жатыр. «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры ел Президентінің кешенді іс-шараларын қолдап, жүзеге асыруға бағытталған.

Жиында аталмыш қордың төрағасы Елбасы бастамасымен қолға алынған игі істі Түркістанда сапалы орындауға күш салатынын жеткізді. «Birgemiz-Turkistan» қамқоршылық кеңесінің құрамына «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, облыстық прокуратурасының аға прокуроры Д.Байтеміров, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева және қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы З.Бимбетова енгізілген. Аталған қордың жұмысы әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы