УНИВЕРСИТЕТ ҚАШЫҚТЫҚТАН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖАТЫР?

1  439 көрілім

Қазіргі таңда қашықтықтан оқыту жүйесі еліміздің барлық аймағында бірдей қолданысқа енгізілгенімен ішінара түсініспеушіліктер туындап жатқаны рас. Әсіресе, орта мектеп қабырғасындағы оқушы мен ата-ана жаңа жобаны игеруде біршама қиындықтарға тап болуда. Осы ретте тәжірибені алыстан іздемей-ақ, Түркістанның төл білім ордасы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қашықтықтан оқытуға көшкенін және бұл жұмыс қалай өрбіп жатқаны жөнінде Айдана Шотбайқызының «Егемен Қазақстан» газетінде университет ректоры Болатбек Серікбайұлымен болған шағын сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшкені белгілі. Отандық университеттер ішінде халықаралық деңгейдегі ЖОО да бар. Мұндай жағдайда, яғни түрлі елде студенттері бар халықаралық университеттер қашықтықтан қалай оқытып жатыр?

Бұл сұраққа Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Серікбайұлы жауап берді.

– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына байланысты оқу процесін толығымен қашықтықтан оқыту режиміне ауыстыруды өз уақытында әрі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бұған университетіміз де соңғы 5 жылдан бері сәтті жұмыс жасайтын, әрі магистратура бағдарламасы бойынша толық аппробациядан өткен КазТЕП (Қазақ тілінде қашықтықтан білім беру) қашықтықтан оқыту жүйесі себеп болды. Бұл жүйе қашықтықтан оқыту бойынша Түркия тәжірибесі негізінде түркиялық мамандармен бірлесе құрылған. Осы ақпараттық жүйенің ауқымы кеңейтіліп, 14-16 наурыз күндері аралығында барлық факультеттер жүйеге интеграцияланды, – дейді ректор.

Оның айтуынша, қашықтықтан оқыту жүйесіне (https://dot.ayu.edu.kz/) офлайн дәріс жүргізу үшін MOODLE платформасы, ал онлайн вебинарлар үшін жүйесіне ZООМ, Cisco Webex, BigBlueButton видеоконференция бағдарламалары «бір терезе» қағидасы негізінде интеграцияланған. Қосымша платформа ретінде Platonus және басқа да жүйелер (Google hangouts, YouTube, WhatsАpр т.б.) қолданыста бар.

– Қазіргі таңда 839 пән бойынша 1000-ға жуық оқытушы-профессор құрамы 9500 білім алушыға қашықтықтан білім беруде. Жүйеге жоғары технологиялық қолдау қамтамасыз ету мақсатында «ұлттық-cloud» технология қолданылды және 1-сәуір 2020 ж. күніне бір уақытта орташа есеппен 6000 қолданушы жүйеде жұмыс жасауда. Университетте 19 елден 1404 шетел азаматы білім алады. Олардан төтенше жағдай жариялағаннан кейін елдеріне қайтқан 1042 студент Түркия, Болгария, Венгрия, Албания, Босния-Герцеговина, Косово, Әзірбайжан, Ресей секілді шет елдерден қашықтықтан еш кедергісіз (уақыт айырмашылығын ескермегенде) білім алып жатыр. Барлық пәндер бойынша электронды оқу-әдістемелік құралдары (силлабустары, лекциялары, қажетті презентациялары т.б.) жүйеге толық енгізілген. Университеттің кітапханасының электронды кітап қоры мен 24 оқу-ғылыми электронды ресурс базалары білім алушыларға 7/24 қолжетімді. Халықаралық университет ретінде әлемнің ең маңызды ғылыми метрикалық қорланың бірі- TUBITAK ULAKBIM (30 484 толық мәтінді ғылыми журнал, 87 млн. библиографиялық мәтін, 3341 стандарт және т.б.) ресурстары білімгерлерге ұсынылды, – дейді Б.Серікбайұлы.

– Ректордың мәлімдеуінше, білім алушылармен кері байланысты орнату мақсатында Call орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, университет жатақханаларында қазір 382 (оның 362 –шетелдік) студент жеке оқшаулану шарттарында қашықтықтан білім алуда. Дәрістер жүйе арқылы бекітілген сабақ кестесіне сай жүргізілуде. Кампустар мен жатақханалар кең жиілікті интернет желісімен қамтылған (600- Мбит/с дейін).

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы