Ел басына күн туған бүгінгі таңда бірліктің тамыры терең тартқан ба, әлде жоқ па дейтін сан мың сұрақтың санада жаңғырып тұрғаны ақиқат. Тұтас әлем халқын аяғынан тік тұрғызып өлместің қамына кіріптар етіп отырған аты жаман індеттің салмағы ауыр. Осындай қамкөңіл тұманды шақта сәуле шашар жолдың ұшқынын көру халық үшін ауадай қажет.
Егемен елдіктің жаһан көгінде қаймықпай салтанат құруы үшін тер төккен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған халқына дем берген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы бәрімізді шабыттандырды.
Ұлт денсаулығы мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екені басты назарда ұсталатыны айтылды. Ел байлығы болған адам мен оның өмірі таласқа түскен осы бір өтпелі кезеңде жауапкершілік дейтін сөздің нақты мазмұны мен мәнін бұрынғыдан неше есе артық түсініп отырмыз. Әр азаматтың міндеті осы жауапкершілік ұғымын нақтылап орындау әрі шынайы жүзеге асыру керектігін ұғынуымыз керек.
Елбасы мақаласындағы сөз маржанын төге отырып, бірінші қарата айтқан біздер, аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері түйсіне алдық деп ойлаймын. Қолдан келер бір жақсылық жасай алған болсақ, онымыз халық игілігіне арналса, одан асқан бақ атаулының керегі не? Халықтың басына күн туғанда жасар қайырымыз болмаса, уақыты өткен соң көк тиындық құны қанша? Біздердің ер етігімен су кешіп, оққа бірінші болып кеуде тосар шағымыз осы болмақ. Жас ұрпақтардың азат санасы отыз жылдың жеңісін көріп келеді. Бәрі бірдей тегіс емес тайғақ жолдың да кездесерін ұғынбаққа, қиын сәттен жол тауып шығарға ұмтылмақ керек.
Кәсіпкерлер үшін ісін өркендетіп отыруына, мол дәулет табуына себепкер болған дүйім жұрт пен тәуелсіз елдік үшін бірер дүние істеп берер күн туды. Әркім жүре көреді. Қолдан келер көмектің алуан түрлісі ел аумағында жасалынып жатыр. Ендігі бағыт бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды, әлдеқайда көп көмектің жолы ашылды дер едім. Анығы мақалада айтылғандай барша адамзатқа қауіп-қатер төндірген коронавирус дертінің алдын алуға еліміз әлем елдері алғашқыларының бірі болып кірісті. Қазіргі таңда тынымсыз күресіп жатыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа үндеуі арқылы осы бір өтпелі кезеңнен бірге өтудің жолдарын айтып отырды. Мемлекет өз халқына қолдан келген көмекті жасайтынын жеткізді. Осы мақсатта игілікті жұмыстар жасалынып та жатыр. Барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауылшаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмектер керуені іске қосылды. Елбасы осындай бастаманың жасалынып жатқанын қолдайтынын және дұрыс екенін де айтып өтті.
«Уақыт ұлы емші» демекші, қиындық атаулының келетін-кететін кезі болады. Елбасы айтқандай «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді». Біз бірлесіп бәрін жеңеміз.
Рашид АЮПОВ,
Түркістан қаласының әкімі.
