Құнарлы топырағына кие мен құт қонақтап, озық ойлы өркениеттің ордасы саналған ұлылар отаны Отырар жүректеріне иман мен мейірім-шапағат ұялаған ұрпақтар мекені. Солардың бірі емес, бірегейі, абыройлы атын әрдайым мақтаныш тұтар парасатты перзенті, қайырымды меценат Серікжан Сейітжанов екені ақиқат шындық.
Талай-талай қайырлы істердің басынан табылып, қажет болған кездерде қомақты үлесін де тартынбайтын «Алтын жүректі» азамат жақында бүкіл дүниежүзін дүрбелеңге салып қойған жұқпалы коронавирус індетін ауыздықтау мақсатында арнайы құрылған қорға 100 миллион теңге қаржы аударған болатын.
Серікжандай сақы ағасының ізгілікті ісін іліп әкеткен тағы бір отырарлық, көрші Жамбыл облысында кәсіпкерлік ісін берекемен байытып дөңгелентіп жүрген Ләззат Жабатаева туған өлкесі Отырар ауданындағы «Отырар-Фараб» қайырымдылық қорына бір миллион теңге қаржы аударды.

Жомарттық, азаматтық қасиеттердің ұлағатты үлгісі осындай қайырымды істер арқылы жарқырап көрінетін болса керек. Қауіпті індеттің ошағын өшіру жолында халқымен бірге болып перзенттік пейілдерімен қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымдылық қасиеттерін қаржылай көрсетіп отырған Серікжан Сейітжанұлы мен Ләззат Келдебекқызына отырарлықтар шын жүректен шынайы ризашылықтарын білдіріп, оларға қуаныш-жақсылықтарға толы ұзақ ғұмыр, атқарған әрбір істеріне береке тілейді.
Ләззат САРЫБАЕВА.