Түркістан қаласына 35748 әскери бөлімінен 200-дей әскери қызметкерлер мен 20-ға жуық әскери техникалардың келгенін бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Олар бүгінде қаладағы гуманитарлық-техникалық колледжіне орналасты. Әскерилердің қалаға келудегі басты мақсаты – еліміздегі орын алған төтенше жағдайға байланысты Түркістан қаласындағы бақылау блок-бекеттердегі тәртіпті күшейту және қала аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу.
Бүгін әскери қызметшілер Түркістан қаласын залалсыздандыру жұмыстарына кірісті. Бұл жөнінде Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Ж.Күлдербаевтың мәлімдеуінше, ҚР Қарулы күштері жоғары Бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен және ҚР Қорғаныс министрінің арнайы өкімімен қазіргі уақытта Түркістан облысында Шымкент горнизонынан 200-ге жуық әскери қызметшілер келді. Олар қалада індетке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтумен қатар, залалсыздандыру жұмыстарымен айналысатын болады. Жалпы қаланың басты көшелерінде, саябақтарда, халық көп шоғырланатын орындарда жұмыстарын жүргізбек.
Қала әкімі Р.Аюпов шара барысында әскери қызметшілерге індетке қарсы жұмыс атқарудағы жұмыстарына алғысын білдірді. Өз қызметтеріне кіріскен әскерилер алдымен қаладағы темір жол вокзалын залалсыздандырды. Бүгіннен бастап, темір жол вокзалы жабылып, қызметін тоқтатты. Сонымен қатар, әскерилер базар аумағындағы азық-түлік дүкендері мен қаланың басты көшелерін залалсыздандыратын болады.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
