Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
«Түркістан облысында індетке шалдыққан азаматтар саны 11-ге жетті. Осыған орай, бүгіннен бастап Кентау бағытындағы бақылау бекетінің жұмысы күшейтілетінін хабарлаймын. Және де, қала ішінде тұрғындардың аса қажеттіліксіз жүруіне тыйым салынды. Бүгін қаламызға ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен әскери қызметкерлер және арнайы техника жұмылдырылды. Жергілікті қызметкерлер тарапынан және осы кісілердің қатысуымен сақтық шаралар орындалуы қатаң қадағаланып, мойынсұнбаған тұрғындар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертемін»,- деді Рашид Абатұлы.
Сондай-ақ, жазбада көпшілік орындарда жүру үшін бірнеше ескертпелер ұсынылып, төтенше жағдай кезінде талаптарды орындамағандарға салынатын айыппұлдар көрсетілген.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.
