ШАРДАРАЛЫҚ ӘЙЕЛ КҮМІСТЕН ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР ЖАСАЙДЫ

2  351 көрілім

Тарихи зергерлік бұйымдарды жинауды сүйікті ісіне айналдырған шардаралық Толды Қожаниязова 62 жаста.
1958 жылы Түркіменстан Республикасының Маары ауданында дүниеге келген. Шардара топырағына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоныс аударып, бүгінде жұбайы Бақытжан Қожаниязов екеуі 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.

Жастайынан металл бұйымдардан зергерлік жасауға бейім өскен апамыз 1980 жылдан бастап осы салаға толықтай зейін қояды. Оған себеп – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын «Өңір жиек» алқасының әжесінен мұраға берілуі. 1875 жылы жасалған зергерлік күміс алқаның салмағы 2,5 келі. Бүгінде аудан, облыс аумағында өтетін мәдени іс-шараларда қолында бар бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, ондағы зергерлік бұйымдардың жасалу жолдары мен шығу тарихы жайында жұртшылыққа танымдық әңгімелерін айтатын Толды Қожаниязовада 100-ден астам алтын, күміс және қола мен мыстан жасалған бұйымдар бар. Оның 20-сы екі ғасырға жуық уақыт бұрын жасалған тарихи жәдігерлер.

«Қожаниязовтардың отбасы қаладағы өнегелі отбасылардың бірі. Ол кісілер ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар мәдени өркендеуіне де өз үлестерін қосып келеді. Көптеген тарихи зергерлік антиквариат бұйымдарын топтастырған әпкеміз өскелең ұрпаққа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен зергерлік заттарды таныстыруда ерекше еңбегі сіңген жан» – дейді Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет.

Қолы бос уақытында зергерлік бұйымдар жасауды кәсіп еткен Толды Қожаниязованың туындыларына Шардара аудандық орталық музейінен арнайы бұрыш беріліп, келушілердің назарына ұсынылған. Көрмелерден көрген көптеген жандар сатып алуға ниет білдіріп, қомақты қаржы да ұсыныпты.

«Білезік, алқаларды, шашбаулар мен жүзіктерді сатып алуға ниет білдіріп, қомақты қаржы ұсынған талай-талай отандық және шет елдік коллекционерлер болды. Бірақ, осы уақытқа дейін ешбірін сатпадым. Себеп бұйымдардың бағасында емес, себеп – әрбір заттың ерекше тарихында, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан әулетіміздің баға жетпес құндылығында» – дейді Толды Қожаниязова.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы