Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» акциясы Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылында да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бүгін ауылдық округ әкімі Сыздық Пірметов жалғыз басты, аз қамтылған, көпбалалы аналардың үйлеріне арнайы барды. Тұрмысы төмен отбасылардың тұрмысын өз көзімен көрген ол азық-түлік, көп реттік қолданылатын бетперде тарқатты.
Акция аясында азаматтардың талап-тілектері де тыңдалды. Тұрғындардың мұқтаждықтарын естіген Сыздық Хамзаұлы мен әлеуметтік маман Гүлзина Қадырова еңбекке жарамды отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Қарапайымдылық адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Бүгінде осындай қасиет иесі, Оранғай ауылының тұрғыны, кәсіпкер Сәкен Қошқарбаев 80 отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары арнайы келіп, сын сағатта қал-жағдайын сұраған тиісті сала мамандары мен демеушілік көрсеткен азаматтарға шынайы алғыстарын жеткізді.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.
